Париж полициясы «еске алу шеруіне» тыйым салды

БРЮССЕЛЬ-ПАРИЖ. ҚазАқпарат – Париж полициясы 2016 жылы көз жұмған Адам Траорды еске алу мақсатында туыстары мен жақындары ұйымдастырмақ болған шеруге тыйым салды. Бұған жуырдағы жаппай тәртіпсіздіктерден кейін қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесі себеп болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Фото: Lafargue Raphael/ABACA/Shutterstock

Айта кетсек, 2016 жылы 19 шілдеде жандармдар қуып жүріп ұстағаннан кейін 24 жастағы қара нәсілді ер адам көз жұмған болатын. Ұйымдастырушылар оны еске алу шарасын жергілікті уақытпен сағат 15:00-де Франция астанасындағы «Республика» алаңында өткізбек болған.

Париж полициясы шеруге тыйым салынуын 5 күнге жалғасқан тәртіпсіздіктерден кейін қалпына келтіру шараларымен түсіндіреді.

«Көптеген ұйымдар мен топтардың, сонымен бірге ереуілге шыққан қауымдастықтардың осы митингке қатысуға шақыруы күш қолдану, әсіресе тәртіп сақшыларына қарсы күш көрсету мақсатындағы радикалды элементтерді туындатуы мүмкін», - деп мәлімдеді Париж қаласы полициясының префектурасы.

Алайда, Францияның 90-ға жуық «солшыл» саяси ұйымы өзге «азаматтық шерулер» өткізуге үндеді. Атап айтқанда, LFI, EELV, CGT және Solidaires сияқты жергілікті ұйымдар мен кәсіподақтар осы арқылы «мұң мен шерді» білдіріп, жұмысшылар кварталдарын алалайтын саясатты өзгертуді талап етуге ниетті екендерін мәлімдеді. Әсіресе, полицияға қатысты шаралар жылдам қабылдануы керектігін алға тартады.

«Полицияны түбегейлі реформалау, оның араласу амалдарын, қарулануын, 2017 жылы қабылданған атыс қаруын қолдануды жеңілдететін заңның күшін жою, ұлттық полицияның бас инспекциясын таратып, оны тәуелсіз органмен алмастыру, жастарға қатысты алалау мәселелерімен айналысатын қызмет құру» - солшыл ұйымдар осындай талаптар қойып отыр.

Еске салсақ, Францияда жасөспірім өлімінен кейінгі ереуілде ұсталғандар саны 421 жеткен болатын. Мұнан соң 470-тен астам адам ұсталғаны туралы айтылды.

Франция Ішкі істер министрлігі республика аумағында тәртіпсіздіктер тоқтағанын тіркеді. Бұл туралы ведомство басшысы Жеральд Дарманен Парламенттің жоғарғы палатасының сайтында көрсетілген Сенат тыңдалымында мәлімдеді.