АСТАНА. KAZINFORM – Парижде өтетін XVII жазғы Паралимпиада ойындарына қазақстандық пара дзюдошылардың дайындығы жөнінде Қазақстан пара дзюдо құрамасының бас бапкері Жандос Қиянов айтып берді.
Оның айтуынша, Халықаралық зағиптар қауымдастығының шешімі бойынша Париж төрінде Қазақстан атынан 10 пара дзюдошыға жүлдеге таласуға мүмкіндік берілді. Бұл Токио Паралимпиадасына барған парадзюдошылар санынан көп. Онда 7 отандасымыз бақ сынаған еді.
«Қазіргі кезде спортшыларымыз алдағы айтулы додаға тыңғылықты әзірленіп жатыр. Өкінішке қарай Халықаралық зағиптар қауымдастығының шешімімен белді балуандарымыз, Паралимпиада мен әлем чемпионаттарында жүлде алған Олжас Оразалыұлы, Аманжол Жанбота және Әнуар Сариев медициналық тексерістен (классификация) өтпеді. Бұл тек біздің елге ғана қатысты емес, сонымен қатар Әзербайжан, Иран, Түркия, Өзбекстанның мықты парадзюдошылары да тексерістен өтпей отыр. Енді қалған 10 отандасымыз Парижде еліміздің көк байрағын желбіретіп, жүлделі орынмен оралатынына сенімдімін», - деді Ж.Қиянов.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық парадзюдошылардың 10 лицензияға ие болғанын жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).