Депутаттар өз таңдауын №66 мектепте орналасқан №113 сайлау учаскесінде жасады. Дәл осы учаскеде таңертең үміткер Жамбыл Ахметбеков те дауыс берген болатын.
«Бүгінгі күннің өзі тамаша басталды. Әли мен Геннадийдің тамаша жеңісіне куә болдық. Сайлауға ерекше көңіл-күйен келіп тұрмын. Көріп тұрғандарыңыздай, дауыс беруші халықтың қарасы мол. Бұл біздің саяси мәдениетіміздің өсіп келе жатқанын көрсетеді», - деді Қуаныш Сұлтанов дауыс бергеннен кейін.
Бірғаным Әйтімова да Геннадий Головкиннің жекпе-жегін көру үшін сайлау учаскесіне «сәл кешігіп келгенін» айтты.
Еске сала кетейік, бүгін Қазақстан Президентін кезектен тыс сайлау басталды. ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауында ел ішінде және шет елдерде 9 968 дауыс беру учаскесі жұмыс істейді. Сайлау туралы Конституциялық заңға сәйкес, дауыс беру уақыты стандартты (сағат 7.00-20.00 аралығы) болады.