«Парламент экономикалық қызмет саласындағы қылмыстық заңнаманы одан ары ізгілендіру мәселесін қарастыруы қажет. Бұл ретте ынталандыру мен жаза арасында оңтайлы теңгерім табу керек. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнама тұрақты болуы тиіс. Осы орайда құқық бұзушылық сипатына сәйкестік, жауапкершілік принципі мүлтіксіз сақталуы тиіс», - деді Елбасы.
Мемлекет басшысы бұл мәселеде кемшіліктер бар екенін баса айтты.
«Біз бұл тақырыпты аз айтқанымыз жоқ. Бұл іспен Үкімет те, Президент аппараты да айналысты. Дегенмен, мәселе түбегейлі шешілмей отыр. Азаматтар тарапынан біздің заңдарымыздың толықтай үстемдік етпейтіндігіне және құқық қорғау органдарына қатысты шағымдар бар. Сондықтан онымен әлі де жұмыс істеу қажет. Ағымдағы жылы Үкімет бұл міндеттерді шешуге бағытталған заң жобасын енгізетін болады», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Айта кету керек, бүгін Мемлекет басшысы ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысына қатысып, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы мәселелерді шешуді тапсырды. Сонымен қатар, келесі Жолдауда қандай мәселелер қозғалатынын айтты. Елбасының айтуынша, Үкімет аграрлық ғылымды дамытуға назар аударуы тиіс.
Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша кешенді жұмыстар жалғасатынын тілге тиек етті.