Парламент Мәжілісі Әлеуметтік кодекстің жобасын қарайды

АСТАНА. ҚазАқпарат – Парламент Мәжілісі алдағы уақытта Әлеуметтік кодекс жобасы мен ілеспе құжаттарды талқылайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Әлеуметтік қызметті жаңғырту арқылы әлеуметтік сала менеджменті тиімділігін арттыру жоспарланып отыр. Интернет-палатформалар көмегімен жұмыспен қамту ісін реттеу, жұмыспен қамту орталықтарын тарнасформациялау шаралары қолға алынып жатыр. Сонымен қатар, әлеуметтік сала қызметкерлерінің мәртебесін нығайту бойынша нормалар қарастырылған. Жалпы, Әлеуметтік кодекстің жобасы бұл саладағы заңнаманы жүйелендіре түседі, сондай-ақ қатерлер болған жағдайда біртұтас құқықтық негіз қалыптастырады», - деді Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы, депутат Жәмилә Нұрманбетова.

Оның айтуынша аталған кодексті әзірлеу бірқатар заңнамалық актілерге және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске өзгерістер енгізуді талап етеді.

«Осы орайда үш ілеспе заң жобасы әзірленді. Әлеуметтік-мәдени даму комитеті аталған заң жобаларын талқылауға және олар бойынша қорытынды әзірлеуге дайын», - деді Ж.Нұрманбетова.

Бұдан бұрын хабарланғандай, 2022 жылдың аяғында Үкімет Әлеуметтік кодекстің жобасын қабылдады.

«Бұл аса маңызды құжат азаматтардың өміріндегі, яғни адамның туғаннан бастап қартайғанға дейінгі базалық әлеуметтік құқықтарын белгілейді. Ол бірінші кезекте халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған. Мұны іске асыру үшін қолданыстағы нормативтік базаны қайта қарауымыз керек. Кодекс қабылданған соң жаңа әлеуметтік саясат өтініш беру формасынан проактивті форматқа көшу керек. Ол Отбасының цифрлық картасын енгізу арқылы жүзеге асырылады», - деді Премьер-Министр Әлихан Смайылов.