Парламент сайлауы Қырғызстан президентінің жеке бақылауында
БІШКЕК. KAZINFORM – Қырғызстанның Сайлау және референдумдар жөніндегі орталық комиссиясы заңның бұзылуына жол берген жекелеген кандидаттарға қатысты шара қолдана бастады, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі.
ОСК төрағасы Тынчтық Шайназаров сайлау процесіне қатысушылардың барлығына комиссия сайлаушыларды пара беруге, заңсыз үгіт әдістерін қолдануға немесе басқа сайлау қатысушылардың ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін кез келген әрекеттерге жол бермейтінін ескертті.
- Қырғыз Республикасы Жогорку Кенеші депутаттарының кезектен тыс сайлауын өткізу президент Садыр Жапаровтың жеке бақылауында. Мемлекет басшысы сайлаудың әділ, ашық және заңға сәйкес өтуіне ерекше мән беріп отыр, - деп атап өтті ол.
ОСК барлық кандидаттар мен олардың жақтастарына үгіт-насихат жұмыстары қатаң заң шеңберінде жүргізілуі керектігін еске салды. Заңбұзушылықтар анықталған жағдайда қатаң шаралар қолданылады, кандидатты тіркеуден алып тастауы да мүмкін.
- Заң алдында барлығы тең. Орталық сайлау комиссиясы белгіленген ережелерді бұзған кез келген адамға – кандидатқа, оның штабына немесе жала жабу мен теріс ақпарат тарататын жеке тұлғаларға өз өкілеттіктері шегінде шара қолданады, - деп мәлімдеді ОСК төрағасы.
Еске сала кетсек, Қырғыз Республикасы Президентінің 30 қыркүйектегі жарлығымен Жогорку Кенеш депутаттарының мерзімінен бұрын сайлауы 2025 жылдың 30 қарашасы, жексенбі күні өткізілетін болып бекітілді.
Қырғызстандағы парламент сайлауына 467 кандидат тіркелді.
Ал Қырғызстан Республикасының Сайлау және референдумдар жөніндегі орталық комиссиясы мерзімінен бұрын парламенттік сайлауға 127 халықаралық байқаушы аккредиттеді.
Қырғыз Республикасының Сайлау және референдумдар жөніндегі орталық комиссиясы 5 қарашада Алматы, Тараз және Шымкент қалаларында қосымша үш сайлау учаскесін құру туралы қаулы қабылдады.
Бұған дейін Қазақстанда Қырғыз Республикасының азаматтары Астанадағы (ҚР-дағы Қырғызстан елшілігі), Алматыдағы (ҚР-дағы Қырғызстанның Бас консулдығы) және Атырау мен Қарағандыдағы учаскелерде дауыс бере алатынын хабарлаған едік.
10 қарашаданнн бастап Жогорку Кенеш депутаттарының мерзімінен бұрын сайлауына арналған үгіт науқанының кезеңі басталды.
Бұған дейін Қырғызстанға парламенттің өзін-өзі таратуы не үшін қажет екенін жазған едік.