Келісімге қол қою рәсімі Бахрейннің Риффа қаласында өтті. Оған Бахрейннің тақ мұрагері әрі Премьер-министрі Салман бин Хамад Әл Халифа, Парсы шығанағындағы Араб мемлекеттері ынтымақтастығы кеңесінің Бас хатшысы Джасем Мұхаммед Әл Будайви және ұйымға мүше алты елдің көлік және коммуникация министрлері қатысты.
Жоба аясында, Сауд Арабиясы, БАӘ, Бахрейн, Кувейт, Қатар және Оманды бірыңғай аймақтық теміржол желісі байланыстырады.
Ұйымның Бас хатшысы Джасем Мұхаммед Әл Будайви бұл құжаттың қабылдануы Парсы шығанағы елдерінің көлік байланысын дамытуға серпін беретінін айтты.
Оның айтуынша, бұл құжат мемлекеттер арасындағы теміржол тасымалын реттеп, бірыңғай көлік жүйесінің қалыптасуына жағдай жасайды.
Жоба жүзеге асса, жолаушылар мен жүк тасымалы жеңілдеп, елдер арасындағы көлік байланысы нығаяды және өңір экономикасының дамуына жол ашылады.
Бұған дейін Біріккен Араб Әмірліктерінің алғашқы ұлттық жолаушылар теміржол желісі іске қосылып, Фуджейрадан Абу-Дабиге алғашқы пойыз жолға шыққаны хабарланған болатын.