Патронды сақтағаны үшін сотталған азаматқа қатысты іс тоқтатылды

АСТАНА. KAZINFORM — Елорда тұрғынының сөмкесінен әуежайдағы тексеру кезінде бір патрон табылып, ол оқ-дәріні заңсыз сақтағаны және тасымалдағаны үшін сотталған еді. Алайда кассациялық сот оның әрекеті қоғамға елеулі қауіп төндірмегенін атап өтіп, қылмыстық құқық бұзушылық құрамы болмағандықтан істі тоқтатты. Бұл туралы Бас прокуратура мәлім етті.

Фото: Pexels

Елордада шығармашылық саламен айналысатын 22 жастағы жас жігіт салынып жатқан жеңіл рельсті көлік жүйесі ғимаратының жанынан бір патрон тауып алып, оны сөмкесіне салып қойған.

— Ол бұл затты түсірілімге арналған реквизит ретінде пайдаланбақшы болған, алайда кейін оны ұмытып кеткен. Бір жылдан кейін жігіт Алматыға ұшу үшін әуежайға келген. Тексеру кезінде патрон оның сөмкесінің қалтасынан табылған. Сот оны оқ-дәріні заңсыз иемденгені, сақтағаны және тасымалдағаны үшін 1 жылға бас бостандығын шектеуге соттаған, — деп хабарлады прокуратурадан.

Іс бойынша жас жігіттің патронды мақсаты бойынша пайдаланбақ болғаны не оны басқа адамдарға бермек болғаны немесе өткізбекші болғаны анықталмаған. Одан қару табылмаған, ешқандай зиянды салдар туындамаған.

— ҚК-нің 10-бабына сәйкес формалды түрде қылмыстық құқық бұзушылық белгілері бар, бірақ маңызы жағынан болмашы, қоғамға қауіп төндірмейтін әрекет қылмыстық құқықбұзушылық болып танылмайды, — делінген хабарламада.

Кассациялық сот әрекеттің қоғамға елеулі қауіп төндірмегендіктен, істі қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты тоқтатты.

Сот ешкімге зиян келмегенін, бір ғана патрон табылғанын және оны қылмыстық мақсатта пайдаланбақ болғаны дәлелденбегенін ескерді.

Бас прокуратура кассациялық соттың ұстанымымен келісті.

Айта кетейік, қарттарды алдаған алаяқ 4 жыл 7 айға сотталды.