Пациенттің медициналық тарихы барлық медициналық ұйымға қолжетімді болады

АСТАНА. KAZINFORM – Елімізде денсаулық сақтау саласын цифрландырудың жаңа тәсілі енгізіліп жатыр. Енді басты назар жекелеген медициналық процестерді цифрландыруға емес, азаматтың медициналық тарихы барлық медициналық ұйымға қолжетімді болатын бірыңғай цифрлық экожүйе қалыптастыруға бағытталмақ. Бұл туралы Құрылтай депутаттарының сауалына Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Сұлтанғазиевтің жауабында айтылған.

Фото: Мухтор Холдорбеков / Kazinform

- Қазіргі уақытта министрлік жекелеген медициналық процестерді цифрландыру тәсілінен бас тартып, денсаулық сақтау саласының бірыңғай цифрлық экожүйесін қалыптастыруға бағытталған жүйелі тәсілді іске асырып жатыр. Бұл ретте цифрлық архитектура үш негізгі қатысушының – азаматтың, медициналық ұйымның және мемлекеттің өзара іс-қимылы негізінде қалыптастырылады. Аталған тәсілдің негізгі мақсаты – пациентке бағдарланған денсаулық сақтау жүйесін құру, яғни, азаматтың медициналық тарихы медициналық көмек көрсетілетін ұйымның қандай цифрлық жүйені пайдаланатынына қарамастан, қажетті жерде қолжетімді болуы тиіс,- деді вице-министр.

Оның атап өутінше, медицина қызметкерлері үшін әртүрлі цифрлық жүйелерге бірдей мәліметтерді қайталап енгізу қажеттілігін болдырмау және пациенттің медициналық деректерін бірыңғай цифрлық ортада қолжетімді ету көзделеді.

- Ал мемлекет үшін медициналық көмек көрсету процестерінің, денсаулық сақтау жүйесінің жай-күйі мен қолда бар ресурстардың бірыңғай көрінісін қалыптастыру маңызды. Осыған байланысты цифрлық жүйелердің өзара интеграциясын дамыту, медициналық деректердің сапасы мен толықтығын қамтамасыз ету, цифрлық жүйелердің тұрақты жұмыс істеуін арттыру, сондай-ақ медициналық қызметкерлер мен азаматтар үшін цифрлық сервистердің қолжетімділігін кеңейту басым бағыттар саналады. Ұсынылған бастамаларды іске асыру мүмкіндігін айқындау мақсатында қолданыстағы цифрлық жүйелердің техникалық және функционалдық мүмкіндіктеріне талдау жүргізу, қажетті өзгерістерді анықтау және оларды енгізу кезеңдері мен мерзімдерін айқындау көзделеді. Аталған жұмыстар техникалық және ұйымдастырушылық мүмкіндіктерді, сондай-ақ денсаулық сақтау саласының цифрлық архитектурасын дамыту басымдықтарын ескере отырып, кезең-кезеңімен жүзеге асырылады, - деді Тимур Сұлтанғазиев.

Айта кетейік, 2026 жылдың желтоқсанында медициалық бөлек-бөлек цифрлық жүйелер e-Densaulyq экожүйесіне толықтай топтастырылады.

Осыған дейін медицина қызметкерлеріне түсетін жүктемені азайту үшін атқарылып жатқан істер туралы айттық.