Медицина қызметкерлеріне түсетін жүктемені азайту үшін не істелініп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM – 2026 жылдың желтоқсанында медициалық бөлек-бөлек цифрлық жүйелер e-Densaulyq экожүйесіне толықтай топтастырылады. Бұл туралы Құрылтай депутаттарының сауалына Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Сұлтанғазиевтің жауабында айтылған.

медицина
Фото: Үкімет

- Қазіргі уақытта министрлік берілген тапсырманы орындау аясында 23 бөлек Медициналық цифрлық жүйеден жеті компоненттен тұратын e-Densaulyq экожүйесіне көшу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бүгінде оның бес компоненті пайдалануға берілді. Ал қалған екі компонентті іске қосуды 2026 жылғы желтоқсан айында аяқтау жоспарланған. Аталған жұмыстың негізгі мақсаты – медицина қызметкерлерге түсетін әкімшілік жүктемені азайту және деректерді қайталап енгізу жағдайларын болдырмау, - деді ол.

Оның айтуынша, экожүйенің негізін 2012 жылдан бастап жинақталған медициналық деректерді қамтитын Бірыңғай медициналық деректер қоймасы құрайды. Қойманың негізгі мақсаты – халықтың денсаулық жағдайы және көрсетілген медициналық көмек туралы ақпаратты шоғырландыруды, сақтауды, өңдеуді және талдауды қамтамасыз ететін медициналық деректердің бірыңғай орталықтандырылған көзін қалыптастыру.

- Бірыңғай медициналық деректер қоймасы цифрлық жүйесі 2026 жылғы сәуірде тәжірибелік пайдалануға енгізілді. Жүйе министрліктің қолданыстағы 8 цифрлық жүйесін біріктіруге, сондай-ақ денсаулық сақтау субъектілерінен келіп түсетін медициналық деректерді орталықтандырылған түрде жинауға, сақтауға және өңдеуге бағытталған. Қазіргі уақытта Бірыңғай медициналық деректер қоймасы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру және тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында медициналық көмек көрсететін медициналық ұйымдарда жұмыс істейтін 12 Медициналық цифрлық жүйемен интеграцияланған, - деді Тимур Сұлтанғазиев.

Вице-министрдің атап өтуінше, медицина ұйымдары мен мемлекеттік цифрлық жүйелерден алынатын деректер бірыңғай қоймада жинақталып, пациенттің денсаулық жағдайы туралы цифрлық тарихын қалыптастыруға негіз болады. Сонымен қатар, Медициналық цифрлық жүйеден берілетін деректердің сапасын қамтамасыз ету және негізсіз мәліметтердің енгізілуіне жол бермеу мақсатында 480-нен астам форматтық-логикалық бақылау іске асырыады. Аталған жүйені дамыту медициналық деректерді бірыңғай орталықтандырылған ортада жинақтауға, пациенттің медициналық ақпаратының толықтығы мен өзектілігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ медицина қызметкерлерінің пациент туралы қажетті мәліметтерге қол жеткізу мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған.

- Бұдан бөлек, министрлік бірыңғай медициналық деректер негізінде медициналық көмекті цифрландырудың келесі кезеңі ретінде Бірыңғай мемлекеттік медициналық ақпараттық жүйесін іске асырып жатыр. Жобаның мақсаты - денсаулық сақтау саласында бірыңғай цифрлық кеңістікті қалыптастыру, жеке медициналық ақпараттық жүйелерге тәуелділікті жою, медицина қызметкерінің бірыңғай цифрлық жұмыс орнын құру, медициналық деректерді орталықтандырылған басқаруды қамтамасыз ету, сондай-ақ медициналық көмек көрсетудің сапасын, ашықтығын және тиімділігін арттыру. Осы жылы желтоқсанда Бірыңғай мемлекеттік медициналық ақпараттық жүйесінің «Амбулаториялық-емханалық көмек» және «Стационарлық көмек» қосалқы жүйелерін тәжірибелік пайдалануға енгізіледі, - деді ол.

Бұған дейін шетелдік емделушілерге арналған мамандандырылған журнал шығарылатынын жазған едік.