Павел Дуров Франциядан Дубайға оралғанын айтты

Фото: Фото: instagram.com/durov

АСТАНА.KAZINFORM — Telegram негізін қалаушы Павел Дуров дүйсенбі күні Францияның сот органдарының рұқсатымен Дубайға оралғанын айтты, деп хабарлайды Kazinform.

— Сіз естіген боларсыз, мен бірнеше ай Францияда болғаннан кейін Дубайға қайтып келдім. Бұл Telegram-дағы қылмыстық әрекеттерге байланысты тергеуге қатысты. Тергеу әлі жалғасуда, бірақ үйге оралғаныма қуаныштымын, — деп жазды Павел Дуров өзінің Telegram-арнасында.

Ол француз тергеу судьяларына, адвокаттары мен командасына үйіне қайтуға мүмкіндік бергені үшін алғыс айтты.

Бұған дейін Павел Дуровтың Франциядан кетіп, Дубайға ұшып кеткені хабарланған болатын.

Айта кетейік, өткен жылдың 24 тамызында Павел Дуров Париждегі Ле Бурже әуежайында ұсталған болатын. 28 тамыз күні кешке оның алдын ала қамауға алу мерзімі аяқталып, кәсіпкер сотқа жіберілді, онда тергеу судьясы оған қылмыстық топ құрамында заңсыз мәмілелер жасауға мүмкіндік беру мақсатында онлайн-платформаны басқаруға қатысы бар деген алты бап бойынша айып тағылды. Мұндай қылмыс, Париж прокуратурасының мәлімдемесіне сәйкес, 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылып, 500 мың еуро көлемінде айыппұл төлеуі мүмкін.

Тергеу судьясының шешімімен кәсіпкер 5 миллион еуро көлемінде кепіл төлеуге міндеттеліп, сот қадағалауына алынды. Сондай-ақ оған аптасына екі рет полиция бөлімшесіне келіп тұруға бұйрық берілді және Франция аумағынан шығуға тыйым салынды.