Павлодар облысында интернет алаяқтары тұрғындардың 1,5 млрд теңгесін жымқырған

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Жыл басынан өңірде интернет-алаяқтықтың 1337 дерегі тіркелген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 31 пайызға аз.

Фото: Kazinform\ЖИ

Павлодар облысында интернет-алаяқтық деректері азайғанымен, тұрғындар әлі де миллиондаған теңгесінен айырылып жатыр. Аймақ киберқылмыс деңгейі жоғары өңірлердің қатарында қалып отыр.

Полиция алаяқтық схемаларға қатысы бар 33 адамды ұстаған. 120 мобильді құрылғы, 500 SIM-карта, 39 банк картасы және екі SIM-box тәркіленген.

— Күн сайын полицияға интернет-алаяқтыққа қатысты 5-10 арыз түседі. Келтірілген шығын 10 мың теңгеден 50 млн теңгеге дейін жетеді. Алаяқтар жалған инвестициялық жобалар, WhatsApp аккаунттарын иемдену және интернет-дүкендер арқылы азаматтардың ақшасын жымқырады, — дейді облыстық полиция департаменті киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі Сүйіндік Қайырбаев.

Полиция мәліметінше, былтыр алаяқтар тұрғындардан 3 млрд теңге жымқырса, биыл жыл басынан бұл жағымсыз көрсеткіш — 1,5 млрд теңге. Сонымен қатар биыл ұрланған 100 млн теңге иелеріне қайтарылған.

Еске сала кетейік, елде ЖИ алаяқтардың телефон қоңырауларын анықтап жатыр.