Павлодар облысында келер жылы 33 ауылдың әкімі сайланады

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Ертіс-Баян өңіріндегі 355 ауылдық елді мекен 126 дербес ауылдық бюджетке біріктірілген. Биыл жергілікті өзін-өзі басқару бюджетінің көлемі 21,1 млрд теңгені құрады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 21%-ға артық. Бұл туралы облыс әкімдігінен хабарланды. 

Фото: Валерий Бугаев

«Павлодар облысындағы 355 ауылдық елді мекен 126 дербес ауылдық бюджетке біріктірілген. Өңірде ауылдық округтердің үдемелі дамуы байқалады. Биыл жергілікті өзін-өзі басқару бюджетінің көлемі 21,1 млрд теңгені құрады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 21%-ға артық. Орташа алғанда, ауылдық бюджеттің қаржылық қамтамасыз етілуі 9%-ды құрайды және 90%-ға дейін жоғары тұрған бюджеттерден субвенциямен және трансферттермен өтеледі. Биыл облыстық бюджеттен 250-ге жуық жобаны іске асыруға 6 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Қаражат 117 ауылға бөлініп, облыстың барлық ауылдарының үштен бір бөлігі қамтамасыз етілді», - деп мәлімдеді облыс әкімдігінен.

Ауылдарды дамыту мен жаңғыртуға «Ауыл - ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы сеп болып отыр. Биыл 15 ауыл қамтылды. Бұл - су құбырларын, спорт нысандарын, мәдениет үйлерін жөндеу және салу, ауылдарды абаттандыру, ауылдардың кірме жолдарына асфальт төсеу. Ал «Ауыл аманаты» жобасы биыл жаңа кәсіпорындар ашуға, қайта өңдеу мүмкіндіктерін кеңейтуге, мал басын көбейтуге, сондай-ақ, 100-ден астам жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік берді.

«Келесі жылы әкімдердің сайлауы барлық қалалар мен аудандарда өтеді. Биыл 30 ауылдық әкімі сайланып қойылды. Енді 33 ауылдың әкімі сайланады», - деп атап өтілді әкімдіктен. 

Еске сала кетейік, Павлодар облысында 400-ден астам мемлекеттік қызметші жетіспейді.