Мемлекеттік қызметшілерге мұқтажбыз: Павлодардағы мекемелерде 400-ден астам орын бос тұр
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Қазіргі уақытта Павлодар облысындағы мемлекеттік қызметшілердің саны – 3659 адам. Ал бөлінген штат саны – 4083 орын. Мемлекеттік аппаратта әлі де 400-ден астам бос жұмыс орны бар.
Ертіс-Баян өңірінің мемлекеттік аппаратында қызметшілердің жетіспеушілігі байқалады. Барлық 4083 жұмыс орнының 10%-ы бос тұр.
- Қазіргі уақытта мемлекеттік қызмет саласында 3659 адам еңбек етіп жатыр. Өңірдегі мемлекеттік қызметшілердің орташа жасы – 41,8 жас, ал орташа еңбек өтілі – 12,8 жыл. Мұндай статистика соңғы үш жылда тұрақты сақталып отыр. Мемлекеттік аппараттағы штаттардың 10%-ы бос. Кейбір лауазымдар бір жыл және одан да көп уақыт бос тұр. Әлгіндей вакансиялар тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығында, құрылыс пен сәулет және жер қатынастары салаларында байқалады,-дейді ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Павлодар облысы бойынша департаментінің басшысы Асхат Ескендіров.
Жергілікті мемлекеттік органдардағы әйелдердің үлесі шамамен 70%-ға жетеді.
Еске сала кетейік, «Мемлекеттік қызмет туралы» жаңа заң жобасы дайындалады.