Павлодар облысында киіктердің саны бір жылда төрт есе өсіп, 120 мыңға жеткен

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Облыс аумағында Бетпақдала популяциясына жататын киіктер мекендейді. Мамандар бір-екі күнде жабайы жануарлардың төлдейтін кезеңі басталады деп болжайды.

Фото: ҚР Экология министрлігі

Ертіс-Баян өңіріндегі киіктердің саны былтырғы жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 4 есе өскен.

- Аумақтық инспекция мамандары, Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығы, сондай-ақ «ПО «Охотзоопром ӨБ» Павлодар облысындағы РМҚК қызметкерлері бірлесіп киіктерге авиациялық есеп жүргізді. Оның нәтижелері бойынша аумақтағы киіктердің саны шамамен 120 000 басқа жуық екені анықталды, - деп хабарлады Kazinform тілшісіне Павлодар облыстық Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясынан.

Киіктер - жұптұяқты сүтқоректі жануар, дала ешкілерінің тұрқы кіші тұқымдасына жатады. Павлодар облысының аумағында Бетпақдала популяциясына тиесілі киіктер тараған. Олардың негізгі тіршілік ету, төлдеу және көшіп-қону аумақтары Май, Баянауыл аудандары мен Ақсу, Екібастұз ауылдық аймақтарында орналасқан. Мамандардың айтуынша, енді бір-екі күнде киіктер жаппай төлдей бастайды.

- Олардың төлдейтін белгілі бір орындары да бар, айналасы жақсы көрінетін жазық аумақтарды таңдайды. Жыл сайын сол жерде шоғырланып, көбею үрдісі жүреді. Соңғы үш жылдағы бақылауға сүйенсек, киіктердің төлдеуі негізінен Ақсу ауылдық аймағы мен Май аудандарының аумақтарында өтеді, - деп қосты инспекциядан.

Еске сала кетейік, былтыр мамыр айында Павлодар облысында 30 мыңнан аса киік бар екені туралы жазғанбыз. 

Сондай-ақ Павлодар облысында биыл қыста қырылған киіктердің саны үш есе көп екенін анықтаған едік.