Павлодар облысында мәслихат депутаттығына 529 кандидат тіркелді

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Ертіс-Баян өңірінде мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауына бірмандаттық сайлау округтері бойынша 529 кандидат тіркелген. Бұл туралы облыстық сайлау комиссиясының мәліметінде айтылған.

Фото: Kazinform

Өңірде депутаттарды сайлау 173 бірмандаттық сайлау округі бойынша өтеді. Оның ішінде облыстық мәслихатқа — 16, қалалық мәслихаттарға — 51, аудандық мәслихаттарға 106 округ бөлінген.

— Қазіргі жағдай бойынша облыстық мәслихат депутаттығына 48 кандидат, қалалық мәслихаттарға 155 кандидат, ал аудандық мәслихаттарға 326 кандидат тіркелген. Осылайша, бір мандатқа орта есеппен үш үміткерден келеді. Сонымен қатар облыстық мәслихаттың тағы 16 депутаты партиялық тізім бойынша сайланады. Бұл бағытта облыстық сайлау комиссиясына бес саяси партияның партиялық тізімі ұсынылып, тіркелген. Тізімдерге барлығы 64 адам енгізілген, — деп мәлімдеді өңірлік сайлау комиссиясынан.

Сайлау комиссиясының мәліметінше, барлық партиялық тізімде әйелдер мен жастарға арналған заңнамада белгіленген квота талаптары сақталған. Партиялық тізім бойынша бір депутаттық мандатқа орта есеппен төрт кандидат үміткер.

Облыстағы мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауын ұйымдастыру және өткізу жұмыстарына барлығы 709 сайлау комиссиясы жұмылдырылған. Оның ішінде 14 аумақтық, 173 округтік және 521 учаскелік сайлау комиссиясы бар. Олардың құрамында жалпы саны 4306 адам жұмыс істейді.

Бұған дейін мәслихат сайлауын өткізуге қанша қаражат бөлінгенін жазғанбыз.