Павлодар облысында мүгедектігі бар 3200 сайлаушы қолайлы жағдайда дауыс беріп жатыр

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Ертіс-Баян өңірінде барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауында мүгедектігі бар азаматтардың дауыс беруіне қажетті жағдай жасалған. Өңірдегі сайлау учаскелері арнайы құралдармен жабдықталып, көру және қозғалу қабілеті шектеулі адамдардың сайлау құқығын кедергісіз жүзеге асыруына мүмкіндік қарастырылған.

Фото: Ақмарал Есімханова

Облыста дауыс беру құқығына ие 503 мыңнан астам азамат бар. Олардың шамамен 3200-і сайлау кезінде ерекше жағдайларды қажет ететін мүгедектігі бар адамдар.

Аталған сайлаушылардың учаскеге еркін кіруі үшін пандустар, көмекке шақыру батырмалары, табалдырықтарға арналған арнайы төсемдер орнатылған. Дауыс беру кабиналары кресло-арбамен қозғалуға ыңғайлы етіп кеңейтілген.

Көру қабілеті бұзылған азаматтарға арналған тактильді көрсеткіштер мен контрастілі белгілер де қарастырылған. Кейбір сайлау учаскелерінде жарық сигналдары мен дыбыстық хабарлағыштар орнатылған.

Бұдан бөлек, ақпараттың қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін аудиороликтер, бюллетеньдерге арналған арнайы трафареттер әзірленген. Мүгедектігі бар азаматтарға арналған ақпараттық бұрыштардағы компьютерлерге мәтінді дыбыстап оқитын NVDA бағдарламасы орнатылуда.

Облыста барлығы 521 сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр. Оның 21-і жабық мекемелерде орналасқан. Саяси науқанға 3343 адам жұмылдырылған. Сайлау учаскелерінің материалдық-техникалық қамтамасыз етілуін жергілікті атқарушы органдар қадағалайды.

— Өңір бойынша барлық деңгейдегі мәслихаттарға 189 депутат сайланады. Олардың 173-і бірмандаттық сайлау округтері бойынша, 16-сы пропорционалды жүйе, яғни партиялық тізім бойынша сайланады. Облыстық мәслихат аралас сайлау жүйесімен сайланатын 32 депутаттан тұрады. Оның 16 депутаты партиялық тізіммен, қалған 16-сы бірмандатты округтер бойынша сайланады. Ал қалалық және аудандық мәслихаттарға сайлау толығымен бірмандатты округтер бойынша өтеді. Сайлаушылар әрбір округ бойынша бюллетеньге енгізілген нақты кандидаттарға дауыс береді, — дейді облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Гүлнәр Аманжолова.

Еске сала кетейік, Оралда егіз сарбаздар алғашқылардың қатарында дауыс берді.