Павлодар облысында өрт оқиғаларының 80%-ы тұрғын үй секторында болады

Фото: Фото: Павлодар облысы Өңірлік коммуникациялар қызметі

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Павлодар облысында қысқы жылыту кезеңінде өрт оқиғалары жиілеп кетеді. Өткен жылу маусымында 77 өрт тіркеліп, салдарынан 6 адам қаза тапқан.

Облыстағы өрттердің 70-80%-ы тұрғын үй секторында болады. Жалпы өрт оқиғаларының 65%-ы жылыту кезеңінде болатыны байқалған. Мәселен, былтырғы жылу маусымында өңірдегі тұрғын үй секторында 77 өрт тіркелген.

- Өткен жылу маусымындағы 77 өрттен 6 адам қаза тапты. Тағы 10 адам жарақат алған. Тұрғын үй секторындағы өрттер мен өлімдердің көпшілігі ішкілікке салынған немесе әлеуметтік осал отбасыларында жиі болады. Ал тілсіз жаудың пайда болу себептері әртүрлі. Ең негізгісі - салғырттық. Тұрғын үй секторында электр жабдықтары мен тұрмыстық аспаптарды монтаждау мен пайдаланудағы бұзушылықтар, пештерді орнату және пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігінің бұзылуы жиі кездеседі. Қазір күн салқындады. Тұрғындар түрлі жылытқыштарды пайдаланады. Кейде электр желілерінде қысқа тұйықталу болып, өрт шығады, - дейді өңірлік төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Қайрат Шаймарданов.

Департамент жергілікті полиция қызметімен, атқарушы органдармен және волонтерлік ұйымдардың өкілдерімен бірлесіп өрттің, адамдардың қаза болуы мен жарақаттануының алдын алу мақсатында тұрақты негізде халықпен профилактикалық іс-шаралар өткізеді.

Арнайы есепте халықтың әлеуметтік осал тобына жататын 1 233 тұрғын үй бар. Жергілікті атқарушы органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың қаражаты есебінен улы газдың шыққаны туралы дабыл беретін 275 датчик орнатылған.

Еске сала кетейік, Павлодарда жеке шаруаның үюлі тұрған 40 тонна шөбі өртеніп кетті.