Павлодарда жеке шаруаның үюлі тұрған 40 тонна шөбі өртеніп кетті

шөп өртенді
Фото: Павлодар облысы төтенше жағдайлар департаменті

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Павлодарда жеке шаруашылық иелігінде тұрған 40 тонна шөп өртеніп кетті. Шығын көлемі есептеліп жатыр.

Павлодар облысы Майқайың кентінде қысқы мал азығы өртенді. Жеке шаруашылықтың ауласында үйіп қойылған 130 орама шөп жанып кеткен.

Бұл туралы өңірлік төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

«15 қыркүйек күні Майқайың кентінде шөп жанып жатқаны туралы хабарлама түсті. Белгілі болғандай, жеке меншік ауладағы құрылыстың 250 шаршы метрінде 40 тонна шөп өртенді. Бұл шамамен 130 орама. Өртті сөндіруге өрт сөндіру бекетінің, ЖЗҚ, МӨҚҚ қызметкерлері, барлығы 17 адам және «Майкайыңалтын» АҚ-ның жүк тиегіші жұмылдырылды», деп мәлімдеді департаменттен.

Алдын ала болжам бойынша жалынның тұтануына өртке қарсы қауіпсіздік шараларының жүргізілмеуі себеп болған.

Төтенше жағдай қызметкерлері шөпті электр желілерінен 15 метр, жолдардан 20 метр және тұрғын үй құрылыстарынан 50 метр қашықтықта сақтау керек екенін айтады. Шөп, жемазық немесе дәнді дақылдар сақталатын жерлерді алғашқы өрт сөндіру құралдарымен қамтамасыз ету қажет. Ашық далада шөп жинау кезінде минералданған жолақтарды жасау қажет. Сондай-ақ, тракторларды ұшқын сөндіргіштермен жабдықтау қажет. Мұндай құрылғылардың болуы өрттің алдын алуға және мүлікті сақтауға көмектеседі.

Еске сала кетейік, Павлодарда «Квазар» сауда үйінен өрт шығып, 150 адам эвакуацияланды.

 

Соңғы жаңалықтар
telegram