Павлодар облысында жолдар жабылуы мүмкін: жүргізушілерге ескерту жасалды

АСТАНА. KAZINFORM — 7–8 қарашада Павлодар облысында ауа райы күрт бұзылып, қар түсуі ықтимал. Жаңбыр, көктайғақ және секундына 15–20 метрге дейін жететін жел күтіледі. «ҚазАвтоЖол» жүргізушілерді сақ болуға шақырып, республикалық маңызы бар жолдар жабылуы мүмкін екенін ескертті.

Фото: Kazinform\ЖИ

Жол компаниясы жүргізушілерден жолда абай болуды әрі жол ережелерін қатаң сақтауды сұрады. 

— Қысқы кезеңнің басталуына байланысты автомобильдерді қысқы шиналармен жабдықтауларыңызды сұраймыз. Сондай-ақ ауа райының бұзылуына байланысты Павлодар облысы бойынша республикалық маңызы бар автомобиль жолдары жабылуы мүмкін екендігін хабарлаймыз, — деп ескертті.

Айта кетейік, бүгін синоптиктердің болжамынша, Қазақстанның басым бөлігінде жаңбыр мен қар жауады. Кей өңірлерде жел күшейіп, тұман түседі. Ал солтүстік пен батыста жолдарда көктайғақ болуы мүмкін.