«Бүгін іздестіру жұмыстары тұрақты негізде аздаған үзілістермен жүргізілген «Майқайың-алтын» АҚ тау-кен ауданындағы опырылған жерде іздестіру жұмыстарын жүргізу кезінде екі құтқарушының бірінің денесі табылды. Павлодар облысының ТЖД күшімен құтқарушының мүрдесі жер бетіне көтеріліп, жедел-тергеу тобына берілді.
Табылған жетон мен киімінен құтқарушылар взводы командирінің 36 жастағы орынбасары Айдос Шаймерденнің денесі табылғаны анықталды.
Айдостың ата-анасына, оның жұбайы Нұрсұлуға, сондай-ақ, туыстары мен жақындарына көңіл айтамын» деп жазды Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов телеграмдағы парақшасында.
Облыс әкімі атап өткендей, апаттың алғашқы күні екі құтқарушының - Сарқыт Берліқан мен Олег Тышкевичтің денелері табылған болатын.
«Өкінішке орай, 55 жастағы жүргізуші Айып Тілеубергеновтің денесі әлі табылған жоқ. Біз бәріміз жақын арада іздестіру жұмыстары өз нәтижесін береді деп үміттенеміз», - деді өңір басшысы.
Еске сала кетейік, арада 6 жарым ай өткенде Майқайыңдағы алтын кенішінде үшінші құтқарушының мүрдесі табылды.
Марқұм Айдос Шаймерденнің денесі 70 метр тереңдіктен қазып алынған.