Павлодар облысының Атығай ауылында KAZ Minerals компаниясының қолдауымен жаңа мектеп салынды

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Атығайдағы ескі мектеп 36 жыл бұрын ашылған. Осы уақыт аралығында ол бұрынғы балабақша ғимаратында жұмыс істеп келді. Мектептің тар болуы себепті сабақтар екі ауысыммен жүргізілді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.

Фото: KAZ Minerals

Ал биыл балалар оқу жылын жаңа мектепте бастайды. Ғимарат 120 орынға есептелген, аумағы 1,5 мың шаршы метрден асады. Іші жарық, әрі кең. Мұнда физика, химия, биология, STEM-зертхана жасақталып, спорт және шығармашылықпен айналысатын орындар пайда болды.

Фото: KAZ Minerals

— Ескі мектеп ыңғайсыз еді. Бұрын балабақша болғандықтан онда бізге кабинет жетіспейтін. Ал қазір зертхана, оқу бөлмелері, үлкен асхана мен кең спортзалымыз бар. Кабинеттерде компьютер мен интерактивті тақталар орнатылған, — дейді мектеп директорының орынбасары Құралай Қаспақова.

Фото: KAZ Minerals

Химия және биология пәнінің мұғалімі ретінде Құралай үшін оқушыларда практикалық дәрістерге қажеттінің бәрі болуы өте маңызды.

— Ескі мектепте біз толыққанды зертханалық жұмыстар жүргізе алмадық. Негізінен виртуалды зертханаларды қолданып, тәжірибе жұмысын экранда көрсетіп келдік. Енді балалар өздері тәжірибе жасай алады. Ол үшін бізде құралдар мен реактивтер бар, — дейді ұстаз.

Оң өзгерістерге оқушылар да лайықты бағасын берді. Бесінші сыныптағы Ирина Щетининаға жаңа мектептің үлкен спорт залы ұнапты.

— Мектеп өте әдемі, мұнда орын көп, — дейді оқушы қыз.

Жаңа оқу жылында мектепте күрес, үстел теннисі, хореография, шахмат, домбыра мен вокал секциялары ашылады.

— Біздің балаларымыз мейлі ауыл болсын, мейлі қала болсын, қай жерде тұратындарына қарамастан сапалы білім алуға тиіс. Біз Атығай ауылының тұрғындарына берген уәдені орындағанымызға ризамыз, — деді мектептің ашылу салтанатында аймақ басшысы Асайын Байханов.

Ол жаңа мектеп құрылысына 1,48 млрд теңге бөлген жоба демеушісі — KAZ Minerals Bozshakol компаниясына ерекше алғысын білдірді.

Фото: KAZ Minerals

— KAZ Minerals үшін өзі жұмыс істейтін өңірдегі жобаларға қолдау көрсету өте маңызды. Біз өз инвестицияларымыздың шынымен де аса маңызды салаларға — ең алдымен білім мен денсаулық сақтау саласына бағытталғанын қалаймыз, — деп атап өтті KAZ Minerals Bozshakol директоры Джонатан Рао.

Оның сөзінше, компания әлеуметтік жобаларды аймақтың қажеттілігіне сай жүзеге асырады. Жуырда KAZ Minerals қолдауымен Екібастұздағы теміржол вокзалында жөндеу жұмысы жүргізілді. Ал 1 қыркүйекте 127 бала Атығайдағы жаңа мектеп табалдырығын аттайды.