Павлодар облысының халқы тәулігіне қанша нан тұтынады

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Жергілікті тұтынушылардың формаланған нанға ай сайынғы қажеттілігі — 1 740,7 тонна. Өңірде 70 наубайхана мен 31 кондитерлік цех жұмыс істейді.

Коллаж: Canva

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, барлық түрдегі нан түрлері өндірісінің ай сайынғы көлемі — 3 766 тонна. Ал сауда нысандары арқылы күн сайын орта есеппен 5 мың орама нан сатылады. Тұрғындар арасында формаланған нан түрі ерекше сұранысқа ие.

— Формаланған нанға ай сайынғы қажеттілік — 1 740,7 тонна. Бұл ретте оның тәуліктік қажеттілігі шамамен 3 мың бөлке. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өңірде нан-тоқаш өнімдерін тұтыну көлемі 5 пайызға артқан. Мұны облыс халқы санының өсуімен байланыстыруға болар. Формаланған нанға деген күнделікті сұранысты қамтамасыз ету үшін шамамен 60 тонна бидай қажет, — деп хабарлады Kazinform тілшісіне ауыл шаруашылығы басқармасынан.

Мамандар нан өнімдерін өндіруде жоғары және бірінші сортты ұн пайдаланылатынын атап өтті. Наубайханалар мен кондитерлік цехтар негізінен жергілікті өндірістің ұнымен қамтамасыз етілген. Қалалар мен аудардарда наубайхана тапшылығы байқалмайды.

Ауыл шаруашылығы басқармасының дерегінше, биыл облыста дәнді дақылдардың жалпы түсімі 724,6 мың тоннаны құраған. Орташа өнімділік гектарына 9,2 центнерден айналды. Оның ішінде бидайдың жалпы түсімі 495,7 мың тоннаны, ал орташа өнімділігі гектарына 8,9 центнерді құраған.

Еске сала кетейік, Қазақстанның өңделген ауыл шаруашылығы өнімдері экспорты 3 млрд доллардан асты.