Павлодар облысында оқушыны алдаған мұғалім заңға тартылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Павлодар облысының Екібастұз қаласында 11 сынып оқушысының алтын бұйымдарын алдап, алып алған физика пәнінің мұғаліміне қатысты тергеу басталды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі Павлодар облысының ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомствоның хабарлауынша, Екібастұз қаласындағы мектептердің бірінде физика пәнінің мұғаліміне қатысты ҚР ҚК-нің 190-бабы (алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

«Күдікті 11 сынып оқушысының сеніміне кіре отырып, анасының сырқаттанып қалғанын айтып, оның алтын бұйымдарын сұрап алған. Алтын қолына түскеннен кейін ол бұйымдарды ломбардқа өткізіп, қалтасына 240 мың теңге түсірген», - деп хабарлайды ІІД баспасөз қызметінен.

Оқушы бірнеше рет алтынын қайтарып алу туралы мұғалімге өтініш білдіргенімен, қайтара алмапты. Ақыры, бұл жағдай туралы Instagram-дағы парақшасына жазған. Қазіргі уақытта барлық алтын бұйымдар оқушыға қайтарылып, алаяқ мұғалім заң алдында жауап беретін болды.