«Павлодар облысында ағымдағы жылдың 1 қыркүйегінен бері басталған «Учаске» жедел-алдын алу шарасы барысында полицейлер облыстағы 170 мың үй мен пәтерге барып шыққан. Құқық қорғаушылар иелерінің азаматтық оқпен атылатын қаруын тексеруге, оның дұрыс сақталуына ерекше көңіл бөлді», - деп хабарлады тілшілерге Павлодар облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен.
Полиция департаментінің мәліметінше, тәртіп сақшылары оқпен атылатын 5 мыңнан астам қару иесін тексерді. Тексеру барысында қаруды сақтау және ұстау талаптарын бұзғаны үшін 15 қару тәркіленді.
«Полицейлердің күнделікті міндеті – қылмыс және құқық бұзушылық жасауға бейім азаматтарды тұрғылықты мекенжайы бойынша тексеріп отыру, олармен алдын алу әңгімелесулерін өткізу. Қылмыс және тәртіп бұзушылықтардың алдын алу өз нәтижелерін көрсетіп отыр. Шараны өткізу кезінде 3,5 мыңға жуық адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған», - деп баяндады Павлодар облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары Руфат Кенжин.
Ол аймақта абаттандыру, қорғау нұсқамасы ережелерін бұзу, тәртіп бұзушылықтар, қоғамдық орындарда темекі шегу және алкогольдік ішімдіктерді ішу бойынша тәртіп бұзушылықтар анықталғанын қосып өтті. Барлық тәртіп бұзушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылды.