Павлодар өңірінде АИТВ-ның анадан балаға жұғу жағдайлары тіркелген

Фото: freepik.com

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Биыл алғашқы он айда облыс бойынша адамның иммун тапшылығы вирусын (АИТВ) жұқтырудың 191 жаңа жағдайы анықталған. Олардың 118-і ер адам.

Мамандар адамның иммун тапшылығы вирусын (АИТВ) жұқтырғандар саны өсіп келе жатқанын айтады. Жалпы облыста қауіпті вируспен өмір сүретін 2830 адам тіркелген. Биыл 10 айда жаңадан 191 жағдай анықталса, олардың 118-і — ер адамдар. Жыл сайын облыста орташа есеппен 200-250 жағдай есепке алынады.

— Біздің басты міндетіміз індетке қарсы кемсітушілікті жою. Дәл осы түсінбеушілік инфекциямен күреске кедергі келтіреді. Сол себепті біз адамдарға АИТВ қалай жұғатынын, қалай сақтануға болатынын көбірек түсіндіреміз. Өйткені АИТВ — созылмалы ауру. Емдеу ұзақ уақытқа созылады, — дейді Павлодар облыстық АИТВ инфекциясының алдын алу жөніндегі орталық басшысының орынбасары Бақыт Жанахметова.

Биыл тіркелген жағдайлар бойынша ең жиі таралу жолы — жыныстық қатынас, 67,5 пайызды құрайды. Екінші орында — есірткіні көктамыр арқылы қолдану — 24,6%. Сондай-ақ, анадан балаға жұғу жағдайлары да бар (1%). 

Орталық мәліметінше, есепте тұрған науқастардың 99,2 пайызы, яғни 2411 адам антиретровирустық терапия қабылдап келеді. Олардың ішінде 18 жасқа дейінгі 20 бала бар.

Мамандардың айтуынша, дәл осы терапия инфекцияны бақылауда ұстап, адамның толыққанды өмір сүру мүмкіндігін арттырады.

Бұған дейін АИТВ диагнозымен өмір сүруді қалай үйренуге болатын жазғанбыз