Аңшылық шаруашылықтардың аумағында жануарлар дүниесін қорғау және өсімін молайтуға бағытталған жұмыстар тұрақты жүргізіледі. Жыл сайын аңшылық шаруашылығы субъектілері жабайы аң-құстарды есепке алып, негізгі аңшылық түрлері популяцияларының жай-күйін анықтайды. Бұл мәліметтер жануарларды аулауға рұқсат етілген көлемін белгілеу кезінде ескеріледі.
Қандай аң-құстарды аулауға тыйым салынған?
— Аумақта аңшылыққа рұқсат етілген түрлермен қатар сирек кездесетін және жоғалып кету қаупі бар жануарлардың 16 түрі мекендейді. Оларға аңшылық жасауға тыйым салынған, — деп хабарлады облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясынан.
Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген сирек және жойылып кету қаупі бар жануарлар келесідей:
— арқар;
— орман сусары;
— қара дегелек;
— ақбас тырна;
— тазтырна;
— безгелдек;
— қарабас өгізшағала;
— сұңқылдақ аққу;
— балықшы тұйғын;
— дала қыраны;
— қарақұс;
— бүркіт;
— ақиық субүркіт;
— аққұйрықты субүркіт;
— ителгі;
— үкі.
Соңғы жылдары саны күрт өсіп келе жатқан тұяқты жануарлардың бірі — киік. Киік саны көбеюіне қарамастан, бұл жануарға аңшылық жасауға тыйым салынған.
Қандай аң-құсқа аңшылық жасауға рұқсат етілген?
Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының мәліметінше, аңшылық шаруашылықтарда бірқатар жабайы жануарларды аулауға болады.
Атап айтқанда,
— сібір елігі;
— қабан;
— байбақ суыры;
— ақ қоян;
— сұр қоян;
— түлкі;
— қарсақ;
— борсық;
— үйректер мен қаздардың барлық түрлері;
— сұр кекілік;
— қасқалдақ;
— бөдене;
— құмсалғыш;
— көгершін;
— қарақұйрық
Инспекторлар бұл аң-құстарды аулауға рұқсат алу аңшылықты кез келген уақытта және шектеусіз жүргізуге болады дегенді білдірмейтінін айтады. Аң аулаудың сипаты мен қарқындылығы маусымға, нақты түрдің популяциялық жағдайына, белгіленген аңшылық мерзімдеріне, лимиттер мен квоталарға байланысты. Мұнда әуесқойлық және спорттық аң аулау кең таралған. Әсіресе суда жүзетін және далалық құстарды аулауға қызығушылық танытатындар көп.
Аймақта аңшылыққа қатысты бірқатар ұйымдастыру жұмыстарын «Қансонар» аңшылар мен аңшылық шаруашылығы субъектілерінің республикалық қоғамдық бірлестіктері қауымдастығы жүзеге асырады. Қауымдастық аңшылық минимумға оқыту, аңшыларды тіркеу, аң аулауға рұқсат беру және басқа да мәселелермен айналысады.
Еске сала кетейік, Павлодарда жыртқыш жануардың шабуылына ұшыраған жаралы аққу құтқарылды.
Ал жуықта Ертіс орманында көлік соңынан тұра жүгірген бұлан жұртты таңғалдырды.
Сондай-ақ 29 тамыздан бастап Ертіс бойында күзгі-қысқы аңшылық маусымы ашылғанын жазғанбыз.