Павлодар өңірінде талапқа сай қоқыс полиондары өте аз

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Бүгінгі таңда экологиялық заңнамаға сәйкес келетін қоқыс полигондары тек Павлодар, Екібастұз және Ақсу қалаларында ғана жұмыс істеп тұр.

Фото: Мақсат Шағырбаев/Kazinform

Өңірлік Экология департаменті басшысының орынбасары Әсет Сыздықовтың айтуынша, аймақта қатты тұрмыстық қалдықтарды орналастыруға арналған 321 нысан бар.

- Өкінішке қарай, экономикалық тұрғыдан алғанда, әр ауылдың жанына геомембрана төсеуді, қоқысты сұрыптауды және басқа да көптеген шараларды қарастыратын полигон салу тиімсіз. Ал аудан орталықтарына келетін болсақ, бүгінде бұл бағытта жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мұндай полигон құрылысының құны нақты елді мекенде тұратын халық санына байланысты кемі 1 миллиард теңгеден басталады. Мәселе тек қоқыс полигондарының құрылысын қаржыландыруда болып отыр, ал жергілікті бюджетте мұндай қаражат жоқ. Сондықтан облыс әкімдігі кем дегенде екі жаңа полигон салу үшін Экология министрлігі мен Үкіметке жүгінді, - дейді ол.

Қазір Ертіс, Тереңкөл, Баянауыл және Майқайың ауылдарында төрт қоқыс полигонын салуға жобалау-сметалық құжаттама әзірленген. Табиғат қорғау іс-шараларының жоспарына сәйкес, мұндай жұмыстарды тағы бес ауданда - Шарбақты, Железин, Май, Ақтоғай және Успен өңірлерінде жүргізу жоспарланған.

Еске сала кетейік, Қызылорда облысында 200-ге жуық заңсыз қоқыс орны анықталды.