Алдағы уақытта тағы бір облысаралық, үш облысішілік және үш ауданішілік бағыт ашу жоспарланған.
Жаңа бағыттардың қатарында Павлодар – Курчатов, Галицкое – Павлодар, Галкин – Павлодар және Константиновка – Павлодар бағыттары бар. Бұдан бөлек, Жұмат Шанин мен Баянауыл, Лесное мен Железинка, Қараағаш пен Ертіс елді мекендерін автобус қатынасымен байланыстыру көзделген.
Бұдан бөлек, Павлодар мен Ақсуда автобустардың нақты жүрген жолын есепке алуға мүмкіндік беретін «Бас-километр» жүйесі енгізілген. Бұл тетік қоғамдық көліктің кестеге сай қозғалуын бақылауға және субсидия бөлу үдерісінің ашықтығын арттыруға бағытталған.
Өңірде трамвай қатынасын дамытуға да басымдық беріліп отыр. Қазір күн сайын желіге 112 вагон шығады. Оның 40-ы – жаңа трамвай. Биыл бірінші жартыжылдықта жергілікті бюджет есебінен энергияны үнемдейтін 10 вагон сатып алынған.
Еске сала кетейік, Павлодар билігі трамвай паркін жаңартуға 48,9 млрд теңге бағыттамақшы.