Павлодар өңірінде жыл басынан 118 заңсыз қоқыс орны анықталған

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Оның 112-сі қазіргі уақытта жойылған. Заңсыз қоқыс үйінділерін анықтауда «Қазақстан Ғарыш Сапары» геопорталының ғарыштық мониторингі қолданылады.

Фото: Қарақия аудандық әкімдігі

Павлодар облысы экология департаменті басшысының орынбасары Әсет Сыздықовтың айтуынша, биыл аймақта 118 заңсыз қоқыс орны анықталған. Олардың төртеуін мамандар тексере барғанда қоқыс орны расталмаған. Ал тағы екеуі жеке меншік аумақа орналасқаны белгілі болған. Өзгелері толықтай жойылған.

– Жалпы, департаментке қалдықтарды заңсыз орналастыру арқылы экологиялық заңнама талаптарын бұзу деректері бойынша 14 материал түсті. Оларды қарау нәтижесінде 13 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – дейді Әсет Сыздықов.

Қазіргі уақытта Павлодар облысында тұрмыстық қатты қалдықтарды орналастыруға арналған 321 нысан бар. Алайда олардың тек үшеуі ғана экологиялық және санитариялық заңнама талаптарына сәйкес келеді. Олар Павлодар, Екібастұз және Ақсу қалаларында орналасқан.

Қалдықтарды басқару инфрақұрылымын жақсарту мақсатында бірқатар ауданда заманауи полигондар салу жоспарланып отыр. Атап айтқанда, Ертіс, Тереңкөл, Майқайың және Баянауыл елді мекендерінде тұрмыстық қатты қалдықтар полигондарын салуға арналған жобалық-сметалық құжаттама әзірленген.

Бұдан бөлек, Шарбақты, Железин, Май, Ақтоғай және Успен аудандарында да осындай жобаларды іске асыру көзделген.

Еске сала кетейік, қоқысты қайта өңдеу жобаларына бөлінетін қаржы 385 млрд теңгеге дейін ұлғайтылмақ.