Қоқысты қайта өңдеу жобаларына бөлінетін қаржы 385 млрд теңгеге дейін ұлғайтылмақ

АСТАНА. KAZINFORM — Қалдықтарды басқару саласындағы жобаларды қаржыландыру көлемін 385 млрд теңгеге дейін арттыру жоспарланып отыр. Сондай-ақ жеңілдетілген қаржыландыру бағдарламасын 2030 жылға дейін ұзарту көзделген. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Жомарт Әлиев мәлімдеді. 

қоқыс
Фото: Қызылорда қаласы әкімдігі

Вице-министрдің айтуынша, бағдарламаға кәсіпкерлер тарапынан сұраныс жоғары. Қазір мақұлданған жобалардың жалпы құны 349,8 млрд теңге. Ал бағдарламаның қазіргі қаржыландыру көлемі — 185 млрд теңге. Жобалардың жалпы құны қарастырылған қаражаттан екі есеге жуық көп.

— Өңірлердің қоқыс таситын көліктер паркін жаңарту, жаңа сұрыптау желілері мен қайта өңдеу нысандарын іске қосу қажеттілігін ескере отырып, қаржыландыру көлемін 385 млрд теңгеге дейін ұлғайту жоспарланып отыр. Сонымен қатар бағдарламаны 2030 жылға дейін ұзарту және аудандық, ауылдық елді мекендерде жұмыс істейтін мемлекеттік коммуналдық кәсіпорындарға өз үлесін қоспай қатысуға мүмкіндік беру көзделген, — деді Жомарт Әлиев.

Бұдан бөлек, 2031 жылдан бастап қайтарылған несие қаражатын жаңа жобаларға бағыттау жоспарланған. Бұрын берілген қарыздар қайтарылған сайын сол қаражат басқа жобаларды қаржыландыруға жұмсалады.

Вице-министрдің айтуынша, ірі қалаларда қоқыс өңдеу зауыттарын салу жобалары кәдеге жарату төлемі есебінен жеңілдетілген қаржыландыру тетігі арқылы қолдау тауып келеді.

Бұл жұмыс Мемлекет басшысының 2024 жылғы 7 ақпандағы тапсырмасына сәйкес, Үкіметтің 2021 жылғы № 604 қаулысы аясында жүргізіліп жатыр.

Қазір Өнеркәсіпті дамыту қоры арқылы жылдық 3 пайызбен 3 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге несие беріледі.
Қаражат негізінен отандық қоқыс таситын көліктерді сатып алуға, сұрыптау кешендері мен қайта өңдеу нысандарын салуға бағытталады.

Бұған дейін қоқысты қайта өңдеу саласында жалпы құны 349 млрд теңге болатын 67 жоба мақұлданғаны хабарланған еді.