Қоқысты қайта өңдеуге 349 млрд теңге: Қазақстан 2030 жылға дейін қандай мақсат қойды

АСТАНА. KAZINFORM — Бір елдегі экологиялық мәселе көршілес мемлекеттерге де әсер етеді. Сондықтан Орталық Азия елдері қалдықтарды жинау мен қайта өңдеу ісін бірлесе дамытуға мүдделі. Бұл мәселе Астанада өткен өңірлік семинарда талқыланды. Жиында Қазақстанның осы бағыттағы жұмыстары мен алдағы жоспарлары да айтылды.

Қоқысты қайта өңдеу
Фото: Қазақстанның Қаптаушылар қауымдастығының баспасөз қызметі

Іс-шараға Қазақстан мен Орталық Азия елдерінің мемлекеттік органдары, халықаралық ұйымдар, сарапшылар, кәсіпкерлер мен салалық қауымдастық өкілдері қатысты. Жапониядан қайта өңдеу саласында жұмыс істейтін компаниялардың өкілдері де келді.

Қатысушылар қалдық көлемінің артуы, табиғи ресурстарды тұтынудың көбеюі және қоршаған ортаның ластануы мәселелерін талқылады. Мамандар бұл түйткілдерді шешу үшін қалдықтарды жинаумен ғана шектелмей, оларды сұрыптап, қайта өңдейтін кәсіпорындарды көбейту қажет екенін атап өтті. Ол үшін салаға инвестиция тартып, кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасау маңызды.

қайта өңдеу
Фото: Қазақстанның Қаптаушылар қауымдастығының баспасөз қызметі

ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Жомарт Әлиевтің айтуынша, Қазақстан 2030 жылға қарай қалдықтарды қайта өңдеу үлесін 40 пайызға жеткізуді көздеп отыр. Осы мақсатта министрлік қалдықтарды басқару саласында жалпы құны 349 млрд теңге болатын 67 жобаны мақұлдаған.

— Бүгінде «Жасыл Даму» операторы 4 жобаны қаржыландыруға 122 млрд теңге бөлді. Қаражат жылдық 3 пайыздық мөлшерлемемен, 15 жылға дейінгі мерзімге беріледі. Бұл қаржы қалдықтарды қайта өңдеу үлесін 2030 жылға қарай 40 пайызға жеткізуге бағытталған, — деді ол.

Семинарда өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері (ӨКЖ) жүйесін жетілдіру мәселесі де сөз болды. Қазір министрлік «Жасыл Дамумен» бірлесіп, кәдеге жарату төлемдерінің мөлшерін қайта қарауды жоспарлап отыр. Ол үшін қалдықтарды тасымалдау, сұрыптау және қайта өңдеу шығындары зерттелмек.

қоқыс
Фото: Қазақстанның Қаптаушылар қауымдастығының баспасөз қызметі

Вице-министрдің айтуынша, төлем мөлшерін есептегенде кәсіпорындардың нақты шығыны мен өңірлердің ерекшелігі ескерілуі керек. Әсіресе Қазақстанның аумағы үлкен болғандықтан, қалдықтарды тасымалдау шығыны қайта өңдеу құнына тікелей әсер етеді. Сондықтан төлем мөлшері өндірушілер мен импорттаушыларға да, қайта өңдеу кәсіпорындарына да тиімді болуға тиіс.

Қазақстанның Қаптаушылар қауымдастығының төрағасы Батырбек Әубәкіров те ӨКЖ жүйесін дамытудың маңызын атап өтті. Оның пікірінше, қоршаған ортаны қорғау бір мемлекеттің ғана емес, бүкіл өңірдің ортақ міндеті.

— Қазір Қазақстанда ӨКЖ жүйесі жолға қойылған. Ал Орталық Азияның басқа елдерінде бұл бағыт әлі де дамуды қажет етеді. Экологиялық мәселе мемлекеттік шекарамен шектелмейді. Мысалы, Өзбекстан мен Қырғызстандағы ластану Қазақстанға да әсер етуі мүмкін. Сол сияқты біздің елдегі экологиялық жағдай көршілерімізге ықпал етеді. Өйткені суымыз бен топырағымыз, табиғи ортамыз өзара байланысты. Сондықтан қоршаған ортаны қорғауға бәріміз бірдей жауаптымыз, — деді ол.

қайта өңдеу
Фото: Қазақстанның Қаптаушылар қауымдастығының баспасөз қызметі

Жиында қалдықтарды басқаруға арналған бірыңғай цифрлық платформа құру мәселесі де көтерілді. Былтыр жыл соңында бекітілген тұжырымдамаға сәйкес, бейорганикалық қалдықтарды түгендеп, олардың көлемі, құрамы мен орналасқан жері туралы мәліметтерді бір жүйеге жинау жоспарланып отыр. Бұл ақпарат инвесторларға қайта өңдеуге жарамды шикізат көздерін анықтап, жаңа өндіріс орындарын ашуға мүмкіндік береді.

Семинарда Жапонияның айналымды экономиканы дамыту тәжірибесі де таныстырылды. Жапонияның Қазақстан Республикасындағы дипломатиялық миссиясы басшысының орынбасары Саё Сузуки бұл бағытта Қазақстан мен Орталық Азия елдерінің әлеуеті жоғары екенін айтты.

— Қазақстан мен Орталық Азия елдерінде мемлекеттің қолдауымен цифрландыру мен жасанды интеллектіні қоса алғанда, озық технологиялар кеңінен енгізіліп келеді. Бұл елдердің жаңа бастамаларға тез бейімделетінін көрсетеді. Сондықтан айналымды экономика қағидаттарын мемлекеттік басқару мен бизнеске енгізу қиындық туғызбайды деп ойлаймын. Жапонияның осы бағыттағы тәжірибесі өңірде тұрақты жүйе қалыптастыруға үлес қосады деп сенемін, — деді Саё Сузуки.

Айта кетейік, ШҚО-да қоқыс тастағандар дрон арқылы анықталып жатыр.