ШҚО-да қоқыс тастағандар дрон арқылы анықталып жатыр
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысында қоқыс тастағандар дрон арқылы анықталып, жауапқа тартылып жатыр.
«Таза Қазақстан» экологиялық бастамасы аясында полиция қызметкерлері жергілікті әкімдіктермен бірлесіп, шалғайдағы бос аумақтарды және өнеркәсіптік аймақтардың шеткі бөліктерін дрондар арқылы бақылауда.
Әуеден патрульдеу құрылыс және тұрмыстық қалдықтар жасырын төгілген орындарды жедел анықтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар құқық бұзушылардың жүк көліктері мен арнайы техникаларының мемлекеттік тіркеу нөмірлері қоқыс төгілген жерде тіркеледі.
— Дрондарды пайдалану жерүсті патрульдері жете алмайтын қиын учаскелерді тексеруге мүмкіндік беріп отыр. Жыл басынан бері өңірде рұқсат етілмеген 203 қоқыс орны анықталды. Оның 185-і қазіргі уақытта толықтай жойылды. Абаттандыру саласында барлығы 8 117 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелді. Бұдан бөлек, заңбұзушылықтарды жою мақсатында жергілікті атқарушы органдар мен кәсіпорындарға 11 ресми ұйғарым жолданды, — деп хабарлады ШҚО полиция департаментінен.
Осы ретте, құқық қорғау органдары тұрғындар мен кәсіпкерлерге қоқысты белгіленбеген жерлерге тастағаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылғанын еске салды.
Еске салсақ, осыған дейін Қызылордада дрондардың көмегімен мыңғы жуық жол ережесін бұзу дерегі анықталғаны хабарланған.