Қызылордада дрондардың көмегімен мыңғы жуық жол ережесін бұзу дерегі анықталды
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Қызылорда облысында ұшқышсыз ұшу аппараттары жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқықбұзушылықтардың алдын алу және қоғамдық тәртіпті сақтау бағытында тиімді қолданылып келеді.
Облыстық полиция департаментінің қарамағында осындай 12 технология бар. Оларды пайдалану нақты нәтиже көрсетіп отыр.
- Жыл басынан бері дрондардың көмегімен жол жүрісі қағидаларын бұзудың 1000-ға жуық дерегі анықталды. Ал Қарабұтақ – Қызылорда – Шымкент автожолы бойында 171 құқықбұзушылықтың жолы кесілді. Бұл көрсеткіш заманауи технологиялардың полиция жұмысының тиімділігін арттырудағы маңызын байқатады, - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Аппараттар жоғары сапалы камералармен және жылу түсіргіштермен (тепловизор) жабдықталған. Бұл әуеден сапалы бейне түсіруге, сондай-ақ көру мүмкіндігі шектеулі жағдайда нысандарды анықтауға мүмкіндік береді. Полиция жасақтарының жұмысын толықтырып, жағдайды жедел бағалауға, ауқымды аумақтарды бақылауға, күштер мен құралдарды тиімді пайдалануға көмектеседі.
Бұрын хабарлағанымыздай, Солтүстік Қазақстан облысында тәртіп сақшылары 30-ға жуық дронды күрделі учаскелерде жол жағдайын әуеден бақылауға және өңірдегі қоғамдық тәртіпті тиімді қамтамасыз етуге қолданады.