СҚО-да биыл дрондардың көмегімен 300-ге жуық заң бұзу дерегі анықталды

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысында тәртіп сақшылары 30-ға жуық дронды күрделі учаскелерде жол жағдайын әуеден бақылауға және өңірдегі қоғамдық тәртіпті тиімді қамтамасыз етуге қолданады.

дрон
Фото: pexels

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Петропавл маңында дронның көмегімен қауіпсіздік белдігін тақпай көлік жүргізген 59 жастағы «КамАЗ» жүргізушісі анықталды. Оған 5 АЕК (21 625 теңге) мөлшерінде айыппұл салынды.

Ұшқышсыз ұшу аппараттары полицейлерге жол қозғалысын әуеден, кейбір жүргізушілер стационарлық бейнебақылау камералары жоқ жерде тәртіп сақшылары байқамайды деп ойлайтын учаскелерде заңбұзушылықтарды анықтауға мүмкіндік береді. 

— Цифрландыру және жасанды интеллект жылы СҚО Полиция департаменті ұшқышсыз авиациялық жүйелерді қолдану аясын едәуір кеңейтті. Олар көбіне жол қозғалысы ережелерінің бұзылуын анықтау үшін пайдаланылады. Жыл басынан бері осындай 286 дерек тіркелді. Бұдан бөлек, дрондар хабар-ошарсыз кеткен адамдар мен жоғалған малды іздеуге, қоғамдық орындарда құқық бұзушылықтардың алдын алуға қолданылады, — дейді полиция өкілдері.

Дрондарды арнайы даярлықтан өткен полиция қызметкерлері басқарады.

Бұған дейін орташа жылдамдықты бақылау жүйесі бар автожолдардың саны артқанын жазған едік.