Орташа жылдамдықты бақылау жүйесі бар автожолдардың саны артты

АСТАНА. KAZINFORM — 13 қазаннан бастап Қазақстанның тағы төрт ақылы автожолында орташа жылдамдықты асыру деректері тіркеле бастайды. Бұл тұрғыда енді осындай жүйе еліміздің 15 жол учаскесінде жылдамдықты өлшейді.

ақылы жол, автожол
Фото: “ҚазАвтоЖол” ҰК” АҚ

- «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ бақылау жүйесін кеңейтіп, оған жаңа бағыттарды қосады. Осы орайда орташа жылдамдық бақыланатын ақылы жол бөліктерінің саны 11-ден 15-ке дейін артады. Бүгіннен бастап орташа жылдамдық мына бағыттарда бақыланады: Орал – РФ шекарасы (Самара), Ақтөбе – РФ шекарасы (Орынбор), Қостанай – Денисовка, Қандыағаш – Мақат. Аталған жолдарда бақылау құрылғылары орнатылған аркалардың арақашықтығы өлшеніп, аппараттық-бағдарламалық кешендер сертификаттаудан өтті. Жүйе орташа жылдамдықты асыру деректерін тіркеп, тиісті мәліметтерді Әкімшілік іс жүргізудің бірыңғай тізілімінің (ӘІЖБТ) процессинг орталығына жолдайды, - деп аталып өткен компания ақпаратында.

Еске салсақ, Қазақстанның республикалық автожолдарында орташа жылдамдықты бақылау жүйесі 2025 жылғы 17 наурыздан бері жұмыс істеп келеді. Осы уақытқа дейін жалпы ұзындығы 3 мың шақырымға жуық 11 ақылы жол бөлігінде бақылау жүргізіліп отыр.

Олар: Астана – Щучинск; Астана – Павлодар; Астана – Теміртау; Шымкент – Қызылорда; Шымкент – Тараз; Павлодар – Семей – Қалбатау; Орал – РФ шекарасы (Саратов); Павлодар – РФ шекарасы (Омбы); Алматы – Қорғас; Көкшетау – Петропавл; Ақтөбе – Қандыағаш.

Жылдамдық тәртібін бұзудың 700 мыңнан астам дерегі тіркелді

2026 жылдың басынан бері республикалық автожолдарда орташа жылдамдықты асырудың 550 мың, ал белгіленген нүктедегі жылдамдықты асырудың 163,5 мың дерегі тіркелген. Жалпы жылдамдықты асыруға қатысты 713 мыңнан астам құқық бұзу дерегі анықталды.

Жол бойындағы камералар автокөліктің бақылау аркаларынан өткен уақытын тіркейді. Жүйе осы уақыт пен екі арканың арақашықтығын есептеп, көліктің орташа жылдамдығын анықтайды. Сондықтан камераға жақындағанда ғана жылдамдықты төмендету жүргізушіні жауапкершіліктен босатпайды. Егер көлік бақылаудағы жол бөлігін рұқсат етілген орташа жылдамдықтан асырып өтсе, жылдамдық ережесін бұзу дерегі тіркеледі.

- Бақылау жүйесін кеңейтудегі басты мақсат – жол қозғалысының қауіпсіздігін арттыру, жүргізушілердің жылдамдықты шамадан тыс асыруының алдын алу және жол-көлік оқиғаларының қаупін азайту. «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ үшін бұл технологияны енгізудегі негізгі міндет – айыппұл санын көбейту емес, жүргізушілердің жолдағы жауапкершілігін арттырып, республикалық автожолдарда қауіпсіз қозғалысты қамтамасыз ету, - делінген аталған компанияның мәліметінде.

Айта кетейік, жақында Ішкі істер министрі Ержан Сәденов республикалық жолдарда орташа жылдамдықты бақылау жүйесі 16 учаскеде орнатылатынын мәлім етті. 

Республикалық трассаларда орташа жылдамдықты бақылау жүйесі орнатылған учаскелерде жол-көлік оқиғалары саны 10 пайызға, қаза тапқандар 33 пайызға, жарақат алғандар 12 пайызға азайды

— Бүгінде бұл жүйе ұзындығы 2 800 шақырымды құрайтын 12 учаскеде бар. Жыл соңына дейін Көлік министрлігімен бірге тағы 16 учаскеде орнатамыз. Осылайша, орташа жылдамдықты өлшейтін құралдар барлығы 5 600 шақырым болатын 28 учаскеде жыл аяғына дейін орнатылатын болады. Келесі жылдан бастап бұл жұмысты әрі қарай жалғастырамыз, — деді Ержан Сәденов.

Сонымен қатар Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха еліміздің жолдарындағы қауіпсіздікті қадағалайтын дрондарға қатысты түсінік берген еді. 

- Бұл ретте автопаркіміз де өсіп келеді. Қазіргі таңда бізде 6 млн 100 мың көлік бар. Соңғы бес жылда олардың саны 1 миллионнан астамға артты. Халықаралық көлік ағыны да айтарлықтай өсті, — деді министр орынбасары.

Қазіргі уақытта «ҚазАвтоЖол» камераларды іс жүзінде әрбір шақырым сайын орнатып жатыр. Демек, камералар жолдағы жағдайды іс жүзінде әр шақырым сайын бақылап отырады. Мұнан бөлек, 500 мобильді кешен бар. Олар жылдамдықты өлшейді және жол қозғалысы ережелерін бұзудың басқа да деректерін анықтайды.

— Көлікпен келе жатқанда алдыңыздан осындай кешені бар көлік кездесуі мүмкін. Ол тоқтатпайды, бірақ сіз жасаған құқық бұзу фактісін тіркейді. Жолдарда дрондарды қолдана бастадық. Қазіргі кезде жолдарда шамамен 300 дрон пайдаланылады. Ол қарсы жолаққа шығу, басқа көліктің алдынан кесіп өту, басып озу және басқа да осындай деректерді анықтауға мүмкіндік береді, — деді Игорь Лепеха.