Павлодар тұрғындары қысқы кезеңде Астанаға қатынайтын пойыздарға вагон қосуды сұрады

АСТАНА. KAZINFORM – Павлодар облысының тұрғындары Павлодар – Мәскеу тікелей теміржол қатынасын қайта жандандыруды және қыс мезгілінде Павлодар – Астана бағытындағы пойыздарда вагон санын көбейтуді ұсынды. Бұл мәселелер Көлік вице-министрі Жәнібек Тайжановпен өткен кездесуде көтерілді.

Фото: ҚР Көлік министрлігі

2026 жылғы 27 қарашада өткен кездесуде өңірдің көлік инфрақұрылымын дамыту, автомобиль жолдарының жағдайы, теміржол және автобус қатынасы, сондай-ақ азаматтық авиация саласындағы мәселелер талқыланды.

Тұрғындар «Нұрлы жол» Ақсу көпіріндегі және Павлодар – Успенка автомобиль жолындағы жол жамылғысын жөндеу, Май және Баянауыл аудандарын байланыстыратын жол салу мәселелерін көтерді. Сондай-ақ Исабек Ишан Хазірет кесенесіне қатынайтын жол қажет екенін айтты.

Фото: ҚР Көлік министрлігі

Бұдан бөлек, облыстың автомобиль жолдарына автоматтандырылған өлшеу станцияларын орнату және жалпыға ортақ пайдаланылатын жолдарды орташа жөндеу жобалары бойынша ведомстволық сараптаманың қолданылу мерзімін ұзарту мүмкіндігі қаралды.

Жолаушылар тасымалына қатысты тұрғындар Павлодардан субсидияланатын әуе бағыттарының санын көбейту туралы да сұрады.

Автобус тасымалдаушылары көлік паркін жаңарту үшін жеңілдетілген лизингтің қолжетімділігін арттыруды ұсынды. Сондай-ақ облысішілік маршруттарды субсидиялау тетігіне жылжымалы құрам сатып алуға жұмсалатын шығындарды енгізу мәселесін көтерді. Қалааралық, облысаралық және халықаралық автомобиль тасымалдарын мемлекеттік қолдау қажеттігі де айтылды.

Фото: ҚР Көлік министрлігі

Сапар аясында Жәнібек Тайжанов азаматтарды жеке қабылдап, екі тұрғынның өтінішін қарады.

«Павлодар Вокзал Сервис» ЖШС өкілі коммуналдық қызметтерге қол жеткізу тарифін қайта қарауды сұрады. Ал Ақсу қаласының тұрғыны теміржол вокзалында тікелей билет кассасын ашу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.

Кездесуде көтерілген мәселелер бойынша вице-министр мен бейінді бөлімшелердің өкілдері түсініктеме берді. Тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстары министрлік құзыреті аясында одан әрі пысықтау үшін қабылданды.

Айта кетейік, Ақмола тұрғындары пойыздар санын көбейтіп, автобус маршруттарын кеңейтуді сұраған болатын.