Павлодар тұрғындары құрбандықты қайда шала алады?

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Мамандар тұрғын үйлердің аулалары мен подъездер алдында, пәтерлерде құрбандық шалуға тыйым салынғанын хабарлады. Сондай-ақ аталған жерлерде құрбандық малын сатуға да болмайды.

Фото: Мухтор Холдорбеков/Kazinform

Павлодар қаласының әкімдігі жергілікті тұрғындар құрбандыққа шалатын малдарын «Құлагер» ипподромы аумағына апару керектігін хабарлады.

- 27 мамыр күні сағат 06:00-де қаламыздағы барлық мешіттерде Айт намазы оқылады. Ал құрбандық шалу рәсімін өткізу үшін арнайы орын ретінде «Құлагер» ипподромының аумағы белгіленді. Арнайы орын санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сай келеді. Ол бойынша арнайы тексерістен өтті, - деп мәлімдеді әкімдіктен.

Құрбандық шалу рәсімі сағат 07:00-ден 17:00-ге дейін жүргізіледі. Арнайы орынға қала орталығынан №1, 3, 6, 7 трамвай маршруттары арқылы жетуге болады.

Еске сала кетейік, ШҚО-да құрбандық шалуға арналған 13 орын белгіленді.