Павлодар жолдарынан алынған әрбір бесінші сынама талапқа сай болмай шыққан

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Павлодар облысында жол-құрылыс материалдарының сапасына жүргізілген зертханалық тексеру көңіл көншітпейтін нәтиже көрсетті. Жыл басынан алынған 1648 сынаманың 357-сі, яғни 21 пайызы нормативтік талаптарға сәйкес келмеген.

Фото: Александр Павский / Kazinform

«Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» Павлодар облыстық филиалы мамандары жыл басынан өңірдегі автокөлік жолдарына 672 рет инспекциялық тексеру жүргізген. Оның нәтижесінде 325 ақау мен заңбұзушылық анықталған. Қазіргі уақытта оның 200-і жойылып, қалған 125-і мердігер ұйымдардың бақылауында тұр.

Атап айтқанда, жергілікті маңызы бар автокөлік жолдарында 60 ақау тіркеліп, оның 40-ы түзетілген. Елді мекендердің көше-жол желісінде анықталған 65 кемшіліктің тек 25-і жойылған. Осылайша, жергілікті жолдар мен қала, ауыл көшелерінде әлі де 60 ақау бар.
Алайда жол сапасына қатысты мәселе мұнымен шектелмейді. Зертханалық сынақтардың нәтижесі де бірқатар олқылықты көрсеткен.

— Жыл басынан бері жолдардан 1648 сынама алынып, зертханалық тексеруден өткізілді. Нәтижесінде 357 сынама немесе жалпы көлемнің 21 пайызы нормативтік құжаттар талаптарына сәйкес келмейтіні анықталды. Оның ішінде 211 сәйкессіздік мердігер ұйымдар тарапынан жобаларды іске асыру барысында жойылды, — деп хабарлады Kazinform тілшісіне «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» Павлодар облыстық филиалының бас инженері Марат Валиев.

Әсіресе жергілікті жолдардағы көрсеткіш алаңдатады. Бұл санаттағы жолдардан алынған сынамалардың 88-інен нормативтік талаптарға сәйкессіздік анықталған. Алайда соның тек жетеуі ғана түзетілген. Яғни 81 сынама бойынша мәселе әлі шешімін таппаған.
Елді мекендердің көше-жол желісіндегі жағдай да мәз емес. Мұнда 253 сынаманың талапқа сай келмейтіні анықталып, оның 87-сі ғана нормативке сәйкестендірілген. Бірақ 166 сынама бойынша сәйкессіздік жойылмаған.

Анықталған кемшіліктерге байланысты облыстық филиал мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау органдарына 16 хат жолдағаны айтылады.

Ұлттық жол активтері сапасы орталығы филиалының мәліметінше, мамандардың жұмысы ақауларды тіркеумен шектелмейді. Негізгі мақсат — анықталған кемшіліктердің уақытылы жойылуын қамтамасыз ету. Әсіресе жергілікті жолдар мен елді мекен көшелерінің сапасына басымдық беріліп отыр.

Еске сала кетейік, Есік көліне апаратын жол 2027 жылдың сәуіріне дейін жабылады.