Павлодар жұрты Шәкен Аймановтың есімін кинотеатр маңдайшасынан алып тастағанына наразы

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Павлодарда Шәкен Аймановтың есімін иеленіп келген кинотеатрдың атауы бір-ақ күнде өзгеріп шыға келді. Жаңа компания Айманов атауын алып тастап, өз брендтерін орнатып қойған.

Фото: Мұрат Аяған/Kazinform

«Шәкен Айманов кинотеатры» ұзақ жылдар бойы қала тұрғындары мен қонақтарының сүйікті мәдени ошағына айналып келген. Өкінішке қарай, тоқырау жылдары кинотеатрдың жұмысы тоқтап, ғимарат қаңырап қалады. 2000-жылдардың басында оны жеке кәсіпкер сатып алып, жөндеп заманға сай кинотеатрға айналдырады. Осылайша, «Ш.Айманов кинотеатры» атауымен 20 жылдан астам толассыз қызмет көрсетіп келген кәсіп иесі ғимаратты жақында «G Cinema Park» кинотеатрлар желісіне жалға берген.

Ал жаңа компания ғимараттың төбесіне «G Cinema Park» деп жазып, Айманов есімін алып тастаған. 

Фото: Мұрат Аяған/Kazinform

Ұзақ жылдар бойы кинорежиссердің есімін иеленіп келген ғимарат атауының бір күнде өзгеріп шыға келгені жергілікті қоғамға ұнамай отыр. Рухани құндылықтан бұрын коммерциялық мүддені алға қойған бұл шешім ұлттық өнерге жасалған құрметсіздік ретінде қабылдануда. Өңір жұртшылығы мәдени нысанға Шәкен Аймановтың есімін қайтаруды талап етеді.

Жергілікті зиялы қауымның пікірінше, заманауи брендтер мен коммерциялық атаулар ұлттық тұлғалардың ізін өшірмеуге тиіс. 

Көпшілік жаңа бренд қажет болса, оны Шәкен атамыздың есімімен сабақтастырып жасауға да болатынын айтады. Мысал үшін «Шәкен Cinema Park» атауы да жарасып тұр.

— Әр компанияның өз бренді, өз жұмыс форматы болады. Оны түсінеміз. Біз ешкімнің бизнесіне қызықпаймыз да, қызғанбаймыз да. Біздің айтпағымыз — мүлде басқа мәселе. Жаңа компанияның келуі Шәкен Аймановтың есімін сақтап қалуға кедергі болмауы керек деп ойлаймын. Павлодардағы бұл кинотеатр ұзақ жылдар халқымыздың ұлы перзенті, қазақ кино өнерінің жарық жұлдызы Шәкен Аймановтың есімімен аталып келді. Шәкен атамыз — жай ғана актер немесе режиссер емес. Ол — қазақ театры мен кино өнерінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан, ұлттық өнеріміздің қалыптасуына еңбек сіңірген ұлы тұлға, — дейді Майра атындағы ән-өнер шығармашылық музей-үйінің басшысы, ҚР мәдениет саласының үздігі Ерлан Рақымов.

Фото: Ерлан Рақымовтың жеке мұрағатынан

Ал еліміздің үздік өлкетанушыларының бірі, көкірегі шежіреге толы Алтынбек Құрманов бала шағында Шәкен ағаны көргенін жеткізді. Оның пікірінше, Шәкен Айманов фильмдері қазақтың рухын сақтап қалуда маңызды рөл ойнады.

Фото: Мұрат Аяған/Kazinform

 

— Кеңес өкіметі қазақтың барлық ұлттық болмысын жоққа шығарып жатқан заманда Шәкен Кенжетайұлының фильмдерінен қазаққа тән бояудың иісі шығып тұратын. Ал енді салған әндері көптеген фильмде қайталанбас даусымен жазылып қалды. Келер ұрпақ Шәкен ағамыздың қандай адам болғанын, оның өмірі қалай өрілгенін білуі үшін оның есімімен аталатын мәдени орындар сақталып қалуы керек, — дейді өлкетанушы.

Өңірлік мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Медет Тауасқанмен тілдескенімізде ол: 

— Жалға алушы кинотеатрды өз брендімен атаған. Бұл — коммерциялық ұйым, оған бұрынғы атауды қайтар деген талап қою қисынға келмейді. Оның үстіне жаңа атау-бренд әлдеқашан әділет органдарында тіркеліп кеткен, — деп шолақ қайырды.

Фото: Валерий Бугаев

Анықтағанымыздай, «Cinema Park» ЖШС-не тиесілі «G Cinema Park» кинотеатрлар желісі елімізде екеу ғана екен. Оның бірі — Семей қаласында болса, екіншісі Павлодарда енді ғана ашылып жатыр. «G Cinema Park» әкімшілігіне хабарласқанымызда, бұл мәселе бойынша әзірше түсінік бере алмайтындарын, себебі кинотеатр әлі толыққанды іске қосылмағанын жеткізді.

Мәселенің ізімен ғимарат иесі — «ПРОМЕТ LTD» компаниясының басшысы Жеңіс Құнанбаевқа шықтық. Кәсіпкер бұрынғы «Ш.Айманов кинотеатры» деген атау заңдық тұрғыдан ешқайда тіркелмегенін айтып отыр.

— Халық жақсы көретін атауды жаңа кинотеатр иелері әдейі алып тастаған жоқ. Конструкциясы әбден ескіргені себепті бұзуға тура келді. Бұйырса ол жаңа дизайнда жасалып, биылғы қыркүйек айының соңына дейін «G Cinema Park» атауының жанына «Шәкен Айманов» деген үлкен жазу қойылады. Бұған қоса кинотеатр ішінде ұлы кинорежиссерге арналған бұрыш ашылады, — деп уәде етті.

Еске сала кетейік Павлодарда Шәкен Айманов Алдар көсе фильмінде киген бөрік сақталып тұр.