Павлодарда № 3 жылу электр орталығында өрт шықты

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Павлодардағы № 3 жылу электр орталығының аумағында градирнядан өрт шықты. Оқиға кезінде зардап шеккендер жоқ.

Фото: Төтенше жағдайлар министрлігі

Әлеуметтік желіде жылу электр орталығындағы градирнядан қою қара түтін шығып жатқан видео тарады. 

Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, өрт сөндірушілер оқиға орнына жеткен кезде градирняның ағаш торламасы жанып жатқаны тіркелген. Оқиға орнында жедел түрде өрт сөндіру штабы құрылған.

Фото: Төтенше жағдайлар министрлігі

— Өрт сөндірушілердің жедел әрекетінің арқасында өрт толықтай сөндірілді. Зардап шеккендер жоқ. Қолда бар ақпаратқа сәйкес, градирняда жоспарлы жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан. Оқиға өндірістік процеске әсер еткен жоқ, кәсіпорын штаттық режимде жұмыс істеп тұр, — деп хабарлады ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі.

Фото: Төтенше жағдайлар министрлігі

Еске салайық, СҚО-да жылыту маусымы басталғалы бері 30-ға жуық өрт шыққан. Мамандар пешпен жылытылатын үйлерде өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау маңызды екенін ескертіп отыр.

Сондай-ақ бұған дейін Шымкентте өртенген бензовоз кабинасынан ер адамның мәйіті табылғаны туралы жазғанбыз.