Шымкентте өртенген бензовоз кабинасынан ер адамның мәйіті табылды

АСТАНА. KAZINFORM — Шымкенттегі Ташкент тасжолында жол апатынан кейін бензовоз аударылып, өртенді. 

Шымкентте өртенген бензовоз кабинасынан ер адамның мәйіті табылды
Фото: Шымкент төтенше жағдайлар департаменті

Өрт көлікті және төгілген жанармайды шарпыған. Құтқарушылар көлік кабинасынан ер адамның мәйітін тапты.

Тұран ауданында өрт шыққаны туралы хабар 112 шұғыл қызметінің пультіне бүгін, 2026 жылғы 18 қарашада сағат 15:58-де түскен. Оқиға орнына өрт сөндіру бөлімшелері жоғары шақырту дәрежесімен жіберілді.

— Өрт сөндірушілер оқиға орнына жеткен кезде жол апаты салдарынан аударылған бензовоз отқа оранған. Төгілген жанармай да тұтанған. Өрт 60 шаршы метр аумақта сөндірілді. Көлік кабинасынан қаза тапқан ер адамның мәйіті табылды, — деп хабарлады Kazinform тілшісіне Шымкент төтенше жағдайлар департаменті.

Апаттың мән-жайын полиция қызметкерлері анықтап жатыр.

Еске салайық, бұған дейін Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласындағы өнеркәсіптік аймақта өрт шығып, үш қойма ғимараты мен екі жүк көлігі отқа оранғанын хабарлаған едік.