Павлодарда 34 млн теңгеге жөнделген понтон көпір тағы да суға батып кетті

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Белая өзенінің үстінен салынған понтон көпірді Ақсу ауылдық аймағының 4 ауылы пайдаланып отыр. Тұрғындар ол арқылы өзеннің келесі бетіндегі шабындыққа өтіп, мал азығын дайындап келген.

Фото: видеодан алынған скрин

Әлеуметтік желіде Ақсу қаласы Көктас ауылында былтыр ғана жөнделген көпірдің суға батып кеткені туралы видео пайда болды. 

Видео авторлары жергілікті билік ешқандай әрекетсіз отыр деп шағымданған.

- Көпіріміз биыл су тасыған уақытта өзенге батып кетті. Былтыр ғана жөнделген еді. Енді міне, тағы істен шықты. Ол арқылы өзеннің арғы бетіндегі шабындыққа шығамыз. Биыл қысқа мал азығын қалай дайындайтынымызды білмейміз. Жалғыз өткеліміз болғанына қарамастан әкіміміз ешқандай әрекет жасамай отыр, - деп мұңын шағады бейнежазбаны түсіруші әйел адам.

Анықтағанымыздай, Көктас ауылындағы ұзындығы 66 метр, ені 7 метр понтон көпірі 2006 жылдан бері пайдаланылып келеді.

- Аталған көпір тұрғындардың Белая өзенінің арғы жағында орналасқан шабындық жерлеріне өтіп, мал азығын дайындау үшін пайдаланылады. Сонымен қатар жоғары кернеулі электр желілеріне қызмет көрсететін «KEGOC» АҚ мамандары да көпірді қызметтік мақсатта қолданады. Көпірді төрт ауылдың тұрғындары пайдаланып отыр. 2025 жылы мердігер ұйым – «СтройЭталон» ЖШС тарапынан понтон көпіріне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жөндеу жұмыстарына бюджеттен 34 млн теңге қаражат жұмсалды, - деп хабарлады Kazinform тілшісіне Ақсу қалалық әкімдігінен.

Биыл сәуір айында көпірді пайдалану барысында бірқатар техникалық ақау анықталған. Атап айтқанда, дәнекерленген тігістердің ажырауы және понтон конструкцияларының тозуы байқалған. Кейін көктемгі мезгілде өзеннің тасуы салдарынан көпір суға батып, жарамсыз болып қалған.

- Анықталған ақауларға байланысты ауылдық округ әкімдігі мердігер ұйымды кепілдік міндеттемелерін орындауға міндеттеу туралы сотқа талап арыз жолдады. Істі қарау қорытындысы бойынша тараптар медиативтік келісімге келді. Яғни «СтройЭталон» ЖШС көпірді қалпына келтіру жұмыстарын биылғы 25 шілдеге дейін орындауға міндеттенді, - деп қосты әкімдіктен.

Билік өкілдері көпірді жөндеуге бюджеттен қосымша қаражат бөлу мәселесі қарастырылмайтынын, жұмыстар мердігер ұйымның кепілдік міндеттемелері аясында жүзеге асырылатынын нақтылады.

Көктас ауылындағы аталған понтон көпір 2024 жылы да өзенге батып кеткен болатын.