Павлодарда әкімдік қаржысына жөнделген үйлер көгеріп кетті

АСТАНА. KAZINFORM — Жазда ғана Павлодардың түбінде жалға берілетін үйлердің тұрғындарының шағымдарынан кейін қала билігі 175 миллион теңге бөліп үйлерді жөндеткен болатын, бірақ қыс келмей жатып сол үйлер көгеріп кетті.

Фото: Артём Викторов/Kazinform

Сәния Тетежанова 2022 жылдан бері Жетекші ауылында тұрады. Ол көпбалалы ана ретінде жаңа баспана алған. Бірақ үйге көшіп кіргеннен бері үй ақаудан көз ашпай келеді. Көршілерімен бірге құрылыс ақауларын анықтай бастады.

Тұрғындар жағдайды түзетуді талап етіп шенеуніктерге шағымдана берді, бірақ жауап тек биыл ғана келді.

Фото: Артём Викторов/Kazinform

Павлодар қаласының әкімшілігі мәселелерді шешуге қаражат тапты. Сәния да келісті, бірақ соңында жағдай одан да нашарлады.

— Терезелер «жылай» бастады. Жай «жыламайды», құдды бір «зарлайды». Терезені сүртіп, шүберекті сықсаңыз жарты шелек толады. Күніне екі рет сүртеміз, таңертең және кешке, — деп шағымданды Жетекші ауылындағы Мәметова көшесіндегі № 14/5 үйдің тұрғыны Сәния Тетежанова.

Сәнияның айтуынша, тұрғындар шатырдағы шамамен 20 сантиметр жылу оқшаулағышты алып тастағандарына да ызалы. Орнына жұқа оқшаулағыш салынған. Бірақ одан да қиыны, ылғал мен желдетудің дұрыс болмауына байланысты бөлмелердегі қабырғаларды зең қаптап көгере бастады. Жетекші ауылындағы жаңа үйлердің көбінің тұрғындары осы мәселеге тап болды.

Фото: Артём Викторов/Kazinform

Тұрғындардың айтуынша, зеңді жұта берсең ауру қылады. Пневмония, ал кейде одан да ауыр асқынуларға әкеп соқтыруы мүмкін.

— Менің плевритім бар. Бұл асқыну пневмониядан кейін пайда болды, себебі менің үйім өте дымқыл, сыз. Зең жоқ, бірақ сыздан көресіні көріп отырмыз. Үйге келіп төсекке жатқың да келмейді, тура мұздай суға құлағандай боласың, — дейді Жетекші ауылының Мәметова көшесіндегі № 14/6 үйдің тұрғыны Тілектес Мұқашева.

Павлодар әкімдігі Жетекші ауылындағы Мәметова және Сәтпаев көшелеріндегі ғимараттар биыл жөндеуден өткенін растады. Үйлер бірнеше жыл бұрын салынып, мердігерден сатып алынған. Кепілдік мерзімі аяқталғандықтан, ақауларды түзету үшін бюджеттен қаражат іздеуге тура келген. 

— Біз желдету жүйесін орнаттық, бірақ алғашқы суық түскен соң, оның біз күткендей нәтиже бермейтінін байқадық. Сондықтан біз оны мердігермен бірге қайта жөндеуге шешім қабылдадық. Қазіргі бір көше толығымен жөнделді, нәтижелері жаман емес. Тұрғындармен әңгімелесу үшін апта сайын сол жерге барамын. Барлығында менің нөмірім бар. Өзім бақылап отырмын. Кей үйлер сыздан арылып та қалды, басқаларда да жағдай жақсарып келеді, — деді Павлодар қалалық тұрғын үй бөлімінің басшысы Хамзат Байсенов.

Жалға берілетін 22 ғимаратты жөндеуге бюджеттен 175 миллион теңге жұмсалды. Шенеуніктер мердігер компания қазіргі уақытта ылғалдылықты және соның салдарынан туындаған зеңді жою үшін ауа өткізгіштерді орнатып жатқанын айтып сендірді. Олар басқа ақауларды түзетуге көмектесуге де дайын.

Бұған дейін Қызылорда қаласындағы апатты үй тұрғындары көп жылдан бері үрей құшағында күн кешіп келе жатқанын айтып дабыл қаққан болатын.