Павлодарда алимент берешегін өндірмегені үшін әділет департаменті мен сот орындаушысына айыппұл салынды

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Павлодар облысында сот шешімін уақытында орындамағаны үшін Әділет департаменті мен жеке сот орындаушысына жалпы сомасы 302 750 теңге көлемінде ақшалай өндіріп алу шарасы қолданылды.

Фото: gov.kz

Істің мән-жайына сүйенсек, 2012 жылы сот шешімімен азамат К.-дан баласын асырау үшін табысының төрттен бір бөлігі мөлшерінде алимент өндірілген. 2017 жылғы қаңтарға қарай берешек 483 069 теңгеге жеткен.

Кейін сот борышкердің алимент мөлшерін табысының алтыдан бір бөлігіне дейін төмендеткен. Осыған байланысты мемлекеттік сот орындаушысы 2017 жылы атқарушылық іс жүргізуді тоқтатқан. Алайда өтелмеген берешек болғанына қарамастан, атқарушылық құжат қайтарылмаған.

2022 жылы іске кіріскен жеке сот орындаушысы 2019 жылғы қыркүйектен 2022 жылғы қазанға дейінгі алимент берешегін 1 млн 247 мың 605 теңге деп есептеген. Ал 2017-2019 жылдар аралығындағы қарызды тек соңғы үш жыл үшін ғана есептеуге болатынын айтып, өндіріп алудан бас тартқан.

— Баланың анасы сотқа жүгінген. Сот мемлекеттік сот орындаушысының 2017 жылы атқарушылық іс жүргізуді тоқтатуын заңсыз деп танып, қаулының күшін жойды. Сондай-ақ жеке сот орындаушысына 2017-2019 жылдардағы берешекті баланың құқықтарын ескере отырып есептеу міндеттелді. Алайда сот шешімі 2026 жылғы маусымда заңды күшіне енгенімен, Әділет департаменті мен жеке сот орындаушысы оны белгіленген мерзімде орындамаған, — деп хабарлады облыстық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотынан.

Осыған байланысты сот Әділет департаментіне 216 250 теңге, ал жеке сот орындаушысына 86 500 теңге көлемінде ақшалай өндіріп алу шарасын қолданды. Қаражат мемлекет кірісіне төленіп, сот шешімі орындалды.

Еске сала кетейік, Павлодар облысында алимент төлемеген 24 борышкер қылмыстық жауапқа тартылды.