Ауыл баласының темір-терсекке әуестігі бұрыннан бар. Бірі әкесінің машинасына қызықса, енді бірі трактордың құрылымын зерттеуге құмар. Бірақ заман өзгерді. Бүгінде ауыл баласының қолындағы темір бөлшек қозғалтқышқа ғана емес, сенсорға, микросхемаға, алгоритмге айналып барады.
Мәшһүр Жүсіп ауылындағы мектеп оқушыларының робототехникаға деген қызығушылығы осы өзгерістің бір көрінісіндей. Ұстаз Асқар Аюпов балалардың бойындағы бұл әуестікті жүйелі білімге айналдыра алған.
Робототехника — екі пәннің тоғысқан жері
Асқар Хамзаұлы мектепте физика және информатика пәндерінен сабақ береді. Робототехникаға келуінің өзі осы екі пәннің бір-бірімен жалғасып жатуы себеп болған.
— Қазір бүкіл әлем цифрлы өркениетке қадам басып бара жатыр. Ұялы телефон, мобильді қосымшалар, жерсеріктік телетаратылым, ғаламтор, электронды кітаптар, жасанды зерде — осының бәрі инновацияның жемісі. Адамзаттың ендігі болашағы роботтармен байланысты. Біз оқушыларға робот құрастырудың, оны бағдарламалау мен басқарудың негіздерін үйретеміз, — дейді ұстаз.
Оның түсіндіруінше, робототехника — бір ғана пән емес. Физика роботтың механикалық қозғалысын түсінуге көмектессе, информатика оған «тіл бітіреді». Яғни оқушы бір мезетте механизмнің қалай жұмыс істейтінін де, оған қандай алгоритм қажет екенін де ойлауға мәжбүр. Мұндай сабақта дайын жауап жоқ. Робот жүрмей қалуы мүмкін. Датчик қате көрсетуі мүмкін. Бағдарламада ақау шығуы да ықтимал. Сондай сәтте оқушы мәселенің себебін өзі іздейді.
Ұстаздың міндеті де дәл осы жерде басталады. Асқар Аюпов шәкірттеріне роботты жай ғана құрастыруды емес, қателіктің себебін табуды үйретеді. Мысалы, робототехника жарыстарындағы «Сумо» санатында көлемі небәрі 25×25 немесе 10×10 сантиметр болатын роботтар бір-бірін арнайы шеңберден ығыстырып шығаруы керек. Сырт көзге қарапайым ойын секілді көрінгенімен, оның ішінде физика мен бағдарламалаудың тұтас әлемі жатыр. Роботтың салмағын есептеу керек. Серпілу күші деген бар. Сенсорлар бір-бірімен дұрыс жұмыс істеуі тиіс. Ал мұның бәрін басқаратын бағдарламада қате болмауы керек.
— Робототехника сабақтары оқушының логикалық, математикалық және алгоритмдік қабілетін дамытады. Электронды сызбаларды түсінуге, ойын нақты жеткізуге, проблеманы әртүрлі жолмен шешуге әрі топпен жұмыс істеуге үйретеді. Нәтижесінде оқушылар өз жобаларын жүзеге асыра алады, — дейді Асқар Аюпов.
Яғни бұл жерде робот — мақсат емес, құрал. Негізгі мақсат — баланың ойлау қабілетін өзгерту.
Ауыл балалары республиканы мойындатып жүр
Мәшһүр Жүсіп мектебінің оқушылары Асқар Аюповтың жетекшілігімен робототехника турнирлеріне 2019 жылдан бері қатысып келеді. Алғашқы жылдардың өзінде-ақ ауыл балаларының қабілеті байқалып, жүлделі орындарға іліге бастаған. Шәкірттері «WRO», «KazRoboSport», «Зерде», «Pavlodar Robotics Challenge», «Менің робототехникам», «Robopolis», «Robotek Grand Tournament», «KazRobotics» секілді жарыстарға қатысып, түрлі деңгейдегі жүлделерге ие болған.
Бұл — бір-екі баланың кездейсоқ жетістігі емес. Мектептің жетістіктер тізіміне көз жүгіртсек, жыл сайын жаңа есімдер қосылып отырғанын көруге болады.
Мысалы, 2022 жылы Марат Жәнібек республикалық «Зерде» конкурсында бас жүлде иеленсе, мектептің тағы бір топ оқушысы халықаралық «Roboland» фестивалінде «Сумо» және «Теңге алу» санаттарында бірінші дәрежелі дипломдарға ие болды. Жыл сайын елімізде ұйымдастырылатын «Robotek Grand Tournament», «Roboland» жарыстарында жүлденің алдын бермейді. Үздік нәтиже биыл да үзілмей, «Robotek Grand Tournament 2026» чемпионатының облыстық кезеңінде мектеп оқушылары бірнеше бірінші дәрежелі дипломға ие болып, республикалық деңгейдегі жарыста Хамза Төлебай мен Хамза Айару үшінші дәрежелі дипломмен марапатталған.
Мектептегі жасанды зерде
Асқар Аюповтың еңбегі білім саласының мамандары тарапынан жоғары бағаланып келеді. 2022 жылы «Үздік педагог» республикалық байқауының жеңімпазы атанып, арнайы сертификатпен, «Үздік педагог» төсбелгісімен марапатталған. Мұның сыртында өзге де марапаттары баршылық.
Айтуынша, халықаралық жарыстарда жүлде алып жүрген ауыл мектебіндегі материалдық базаның мүмкіндігі шектеулі. Бірақ соған қарамастан шәкірттері жиі жарысқа шығады. Қазіргі уақытта Асқар Хамзаұлы жасанды интеллектіні де үйреніп жүр. Оқушыларға цифрлық технологияны үйретіп қана қоймай, жаңа технологияны өз жұмысына енгізе бастаған. Сабаққа дайындалуда, оқу құжаттарымен жұмыс істеуде және робототехникада жасанды зердені жиі пайдаланатынын жасырмайды.
— Күнтізбелік-тақырыптық жоспарларды тексеру, сабақ мазмұнын әзірлеу, үй тапсырмаларын дайындау, бірнеше сыныпқа арналған материалдарды реттеу сияқты уақыт алатын жұмыстардың бір бөлігін жасанды интеллект көмегімен шешемін. Бірақ жасанды зерде берген жауапты сол күйінде қабылдамаймын. Робототехникада да солай. Мысалы, LEGO EV3 және LEGO 51515 роботтарының сызық бойымен жүру бағдарламасын талқылағанда, жасанды интеллект кодтағы ықтимал қателерді табуға көмектеседі. Бірақ дайын код роботқа жүктеліп, міндетті түрде тәжірибеде тексеріледі. Робот қалай әрекет етті — соған қарап бағдарлама қайта өзгереді, — деп түсіндірді ол.
Ұстаздың сөзінше, ол үшін жасанды интеллект — күнделікті жұмысты жеңілдетіп, ең қымбат ресурс — уақытты үнемдейтін көмекші. Ал үнемделген уақытын оқушының сұрағын тыңдауға, түсіндіруге, қабілетін ашуға арнайды. Бұрын ұстаздар балаға білім беретін. Ал замауани ұстаз баланы толып жатқан ақпараттың арасынан дұрыс білімді табуға үйретуі керек.
Болашаққа жол ауылдан басталады
Мәшһүр Жүсіп мектебіне биыл күрделі жөндеу жүргізіліп, оқу кабинеттері интерактивті тақталармен, зертханалық жабдықтармен және жаңа жиһаздармен толықтырылған. Мектеп іші оқушылар мен ұстаздарға көтеріңкі көңіл күй сыйлап, білім ордасының көркін аша түсті. Бұл сабақтарды көрнекі әрі қызықты өткізуге, тәжірибелік жұмыстарды ұйымдастыруға және оқушылардың оқу материалын жақсы меңгеруіне мүмкіндік беріп отыр. Бүгінде білім ұясында 106 оқушы білім алады.
Асқар Аюповтың робототехника мен жасанды зердеге деген энтузиазмы барлық шәкірттерін баурап алған тәрізді. Педагогика саласындағы 11 жыл ішінде жаңа ақпараттық технологиялар саласында бар білгенін алдына келген оқушылардың санасына ерінбей-жалықпай құюда. Ұстаз келешектің Илон Маскы мен Билл Гейтстерін оқытып жатқанына сенімді. Балалардың көзіндегі от пен пәнге деген құштарлық осыны аңғартады.
Бұған дейін қазақстандық маман AI мен робототехника жобасын қалай дамытып жүргені туралы жазғанбыз.