Павлодарда бет-әлпетті танитын бейнебақылау камералары полицияға үлкен көмек болып тұр

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Қазіргі уақытта облыс аумағында қоғамдық қауіпсіздікті қадағалауға бағытталған жалпы саны 60 мыңнан астам бейнебақылау камерасы орнатылған. Сауда үйлері ұрлық әрекеттерінің алдын алу үшін бет-әлпетті тану функциясы бар құрылғылар қоя бастаған.

Фото: Павлодар облысы кәсіпкерлер палатасы

Жыл басынан өңірдегі сауда нысандарында 45 ұрлық тіркелген. Оның 17-сі сауда үйлерінде, ірі дүкендерде жасалған. Павлодар облысы Полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Руфат Кенжинның айтуынша, жалпы өңірде ашылмаған қылмыстар бойынша 1102 қылмыскер іздеуде жүр. Оның ішінде биыл 31 адамға іздеу жарияланды.

«Өңірде 60 561 бейнебақылау камерасы бар. Облыс орталығында бейнебақылау жедел басқару орталығының (ЖБО) 117 камерасымен жүзеге асырылады. Бұл орталық қажет болса 14 750 бейнебақылау камерасына онлайн түрде қол жеткізе алады. Қолда бар камералар арқылы жыл басынан бері 36 қылмыстық қылмыс ашылып, 3187 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Павлодар қаласында қауіпсіздік мақсатында озық технологияларды пайдаланатын сауда нүктелері бар. Мәселен, «Скиф Трейд» ЖШС және «Атриум» ПКФ ЖШС өздерінің сауда желілерінде бет-әлпетті тану функциясы бар бейнебақылау камераларын орнатқан. Бұл камералар онлайн режимінде полицияны қызықтыратын азаматтардың жеке басын анықтауға мүмкіндік береді», - деп атап өтті Р.Кенжин Павлодар облысы кәсіпкерлер палатасында өткен жиында.

Кәсіпкерлердің сөзінше, жаңа технологияның сақтау базасында әзірше 50 адам туралы деректі ғана сақтауға болады. Келешекте мәліметтер қорын кеңейту жоспарланып отыр.

Еске сала кетейік, бұған дейін Павлодардағы жедел басқару орталығы қалай жұмыс істейтіні туралы фоторепортаж ұсынған едік.