Еске сала кетсек, қылмыс қарашаның 14-нен 15-не қараған түні тіркелген.
«Павлодар қаласында белгісіз біреулер Кривенко көшесіндегі букмекерлік кеңсеге баса көктеп кіріп, пышақпен қорқытып, күзетшінің ұялы телефоны мен кеңсеге тиесілі ақшаны қолды еткен. Жедел іздестіру шаралары барысында құқық қорғаушылар 26 жастағы екі жас жігітті қолға түсірді. Үшінші күдікті 1987 жылғы Евгений Доронин қашып жүр», - деп хабарлаған еді Павлодар облыстық ІІД-нің баспасөз қызметінен.
Полицияға күдіктінің Қостанайға облысына апаратын пойызға отырғаны туралы ақпарат түскен. Қостанайға апаратын барлық бағыттағы станцияларға күдіктінің суреті ілініп, іздестіру жұмысына Ақмола облысының құқық қорғаушылары да атсалысқан.
«Ақмола облысының тәртіп сақшылары күдіктіні Атбасар стансасынан ұстады. Ол Павлодар қаласына жеткізілді. Үш күдікті де қазір қамауда. Оларға ҚР ҚК-нің 192-бабы 3-бөлігі бойынша айып тағылып отыр», - деп хабарлайды Павлодар облыстық ІІД баспасөз қызметі.