Павлодарда дәрігерлер жол апатында көліктен құлап кеткен әйелдің жағдайы туралы айтты

Фото: None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат – Павлодар облыстық денсаулық сақтау басқармасынан жол-көлік оқиғасы кезінде көліктің терезесінен ұшып түскен әйелдің жағдайы туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Дәрігерлер науқастың жағдайын тұрақты ауыр деп бағалап отыр. Қазір ол полижарақат бөлімінде жатыр.

«Оны бізге жеткізген кезде маңдайында жарақат болды. Оның оң жақ ұршығының басы сынған, оң жамбас сүйегі, үш қабырғасы сынған. Дәрігерлер әйелдің жарақаттан есінен танып қалғанын айтты», - деді Павлодар облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Эльмира Темірғалиева.

Айта кетейік, полиция жол апаты фактісін тексеріп жатыр. Көліктер арнайы айыппұл тұрағына қойылды.

Еске салайық, 15 тамыз күні түнде қаладағы Шөкин көшесі мен Назарбаев даңғылының қиылысында төрт автокөлік бір біріне соғылды . Оқыс оқиға кезінде көліктің бірінің терезесінен әйел адам ұшып түскен. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы 38 жастағы зардап шегушінің жағдайы туралы хабарлады.

«Әйел көп жарақат алған. Мидың шайқалуы, ұршық пен жамбастың жабық сынығы, оң жақ 5-6-7 қабырғалардың сынығы және екінші дәрежелі жарақаттық шок анықталды», - деді басқармадан. Ол №1 қалалық ауруханаға жатқызылды.


Авторы Арайлым Мұрат


Соңғы жаңалықтар