«Павлодар жылу желілері» ЖШС-ның директоры Анатолий Моисейдің айтуынша, бұл жылу стансаларындағы диспетчерлерге жылу пункттерінің жұмысын қашықтан бақылап, жабдық параметрлеріндегі ауытқуларды дер кезінде анықтауға мүмкіндік береді.
— Цифрлық сыңарды толық енгізу жұмыстары әлі жалғасып жатыр. Жоба жыл басынан инвестициялық бағдарлама аясында жүзеге асырылуда. Қазір белгілі бір датчиктерді қосу, телеметрияны енгізу және барлық деректерді бір жүйеге біріктіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Әзірше цифрлық сыңар жылу жүйесінің жұмысы туралы алдын ала ғана мәліметтер бере алады. Жүйе толық іске қосылғаннан кейін диспетчерлер орталық жылу пункттеріндегі жабдықтардың параметрлерін нақты уақыт режимінде көре алады. Бұл жылумен жабдықтау сапасын жақсарту үшін қажетті шараларды жедел қабылдауға мүмкіндік береді, — дейді Анатолий Мосей.
Оның сөзінше, цифрлық сыңар жылу желілерінің соңғы нүктелеріндегі көрсеткіштерді қашықтан бақылауға да жағдай жасайды. Қазір мұндай мәліметтерді алу үшін диспетчерлік қызмет мамандары кейбір нүктелерге барып, параметрлерді қолмен өлшейді. Жаңа жүйе толық іске қосылған соң бұл жұмыстың бір бөлігін қашықтан орындауға болады.
Маман Екібастұз қаласындағы тәжірибені де атап өтті. Онда цифрлық сыңар Павлодарға қарағанда ертерек енгізілген. Соның арқасында мамандар жылу жүйесінің шеткі нүктелеріндегі көрсеткіштерді нақты уақыт режимінде бақылап отыр.
Ұйым мәліметінше, Павлодарда жылыту маусымы штаттық режимде өтіп жатыр. Биыл жеке тұрғын үй секторын әлеуметтік нысандармен қатар ертерек қосу шешімі қабылданған. Бұл күн суытқанға дейін жылу жүйесін реттеп, қажетті параметрлерді қалыпқа келтіруге мүмкіндік берген.
Сонымен қатар жылу жүйесінің сапасын жақсарту мақсатында жиілік түрлендіргіштерді орнату жоспарланып отыр.
Еске сала кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында Үкімет қала инфрақұрылымының цифрлық сыңарын әзірлеуге тиіс деп тапсырма берді.